×
444.14
477.05
4.85
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
444.14
477.05
4.85

«Әке-шешемді қорқытып жатыр»: Қорғалжында құлдықта болған азамат Тоқаевтан көмек сұрады

03.04.2023, 12:32
Фото: Скриншот

Ақмола облысының Ақкөл ауданының тұрғыны Амантай Ерқанат құлдықта болғанын айтады. Сөзінше, оны Қорғалжын ауданында күштеп ұстап, сабаған. Іске полиция қызметкерлерінің де қатысы болуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Амантай Ерқанат атты Ақмола облысы Ақкөл ауданының тұрғыны Қорғалжын ауданында бір жарым жыл жұмыс істегенін айтады. Жылқышы болған. Айтуынша, біраз уақыт өткеннен кейін олардан кетіп қалған. Степногорск қаласына жылқы үйретуге барған.

«Сол жерде жұмыс істеп жүрген жерімнен мені бұрынғы бастығым М. атты азамат пен «сотрудниктер» келіп, еш ескертусіз, адамдардың көзінше ұрып-соғып, өз көлігіне отырғызып, сотрудниктермен бірге Қорғалжын ауданына алып кетті», - дейді ол.

Амантай Ерқанат сол ауданда “базаға апарып, бұрынғы бастығы жұмысшыларына аяқ-қолын байлап қоюды бұйырған”.

«Мені қинап, денеме таңба салған кезде жанымда төрт кісі болды. Шешеммен сөйлестірген кезде қасымда кісілер отыратын. Мен ол жерден қашып кеттім. Арыз жаздым. Мені қорқытқанын айттым. Әке-шешемді қорқытып жатыр», - деген ол іске президенттің араласуын сұрайды.

Амантай Ерқанаттың анасы Әнипа Жомарт болса, 14 наурызда ауылдың учаскелік полицейі «ұлыңыз наркотикпен ұсталды» деп мәлім еткенін айтады.

«Азат (полицей) келіп, киімін алып кетті. 30 минуттан соң тағы екі адам келіп, Айфон про 13-ті әкеліңіз деді. Ол сотка менікі. Өзім алғанмын. Балаңыз түрмеге отырады – қиын болады деді де, мені қорқытып кетті. Сағат тоғызда 102 нөміріне қоңырау шалдым. Біраздан кейін Азат келіп тұр «тәте, сіз РОВД-ға звандамаңыз, балаңыз аман-сау, қазір келеді» деді. Таңертең Азатқа тағы звандадым. Қазір тұра тұрыңыз деп, екі сағаттан кейін жылқы шаруашылығының иесі М. баламмен сөйлестірді. Балам бәрі жақсы дейді. Бірақ ана жүрегі бәрін сезеді ғой. Қалаға барып, жан ұшыра көмек іздедім», - дейді анасы.

Ulysmedia.kz порталы осы іс бойынша Ақмола облысының полиция департаментіне хабарласты.

«Ақмола облысының полиция департаменті А.азаматының өтініші бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлайды. Дене жарақаттары бойынша Астана қ. сот сараптамасы институтында сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тергеу шеңберінде куәгерлер белгіленіп, жәбірленушінің және ол көрсеткен адамдардың айғақтары мұқият тексерілуде. Осы қылмыстық істі тергеу полиция департаменті бастығының жеке бақылауында», - деген жауап келді департаменттен.

Ulysmedia.kz порталы істі назарында ұстайды.

Серіктес жаңалықтары