×
441.66
475.14
4.86
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
441.66
475.14
4.86

"Алаңда өлді деп сендірген": Мамай ісі бойынша куәгерлерге қалай қысым жасалғаны айтылды

06.04.2023, 11:56
Фото: Instagram / mamayzhanbolat

Алматыда Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айыпталған Жанболат Мамай ісі бойынша негізгі сот талқылауы өтіп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Отырыс басында Жанболат Мамай айыптау пункттерінің ешқайсысына кінәлі емес екенін тағы да айтты. Адвокаттар да Мамайдың тәртіпсіздіктер жасамағанын, полицейлерді қорламағанынғ несиелік рақымшылық туралы жалған ақпарат таратпағанын шегелеп айтумен болды.

Қорғаушы тарап пен сотталушының өзі бұл істің саяси бұйрық екеніне сенімді, оған дәлелдер мен дәйектер келтірді. Мысалы, сотталушының жұбайы Инга Иманбай тергеу кезінде іс бойынша куәгерлерге қысым жасалғанын айтты.

Нәтижесінде олар тіпті сотқа жіберілмеді. Оның айтуынша, тәртіпсіздіктердің алғашқы күндерінде тергеушілер ұсталғандарды азаптап, оларды Жанболат Мамайға жала жабуға мәжбүрлеген.

"Оларды азаптау кезінде Жанболат Мамайдың алаңда қаза тапқанын, өлгеніне қарамастан сотталатынын айтқан. Ұсталғандарды Жанболатқа жала жабуға мәжбүр етті. Куәгерлер бірнеше рет қысым көргендерін, тергеушілер Жанболат бәріне кінәлі деп айтуды талап еткенін жеткізді. Бірақ сотта олардан тіпті жауап алынбады. Олар Жанболатпен ешқашан кездескен емес! Тергеуде бастапқыда оның кінәсі туралы бірде-бір дәлел болған жоқ, әйтпесе оны қалай түсіндіруге болады? Бұл саяси қудалаудың сипатын көрсетеді", - деді Инга Иманбай.

Еске салайық, 27 наурызда өткен сот отырысында сөйлеген сөзінде Жанболат Мамай өзіне тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеген. Прокурор оны 6,6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Оған Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша, атап айтқанда полиция қызметкерлерін қорлады, қасақана жалған ақпарат таратты және жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырды деген айыптар тағылып отыр.

Соңғы айыптың қайта тағылғаны 2023 жылдың 26 қаңтарында белгілі болды.

Бұдан бұрын Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымы прокуратураның Мамайға жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырды айып тағуын негізсіз деп есептейтінін мәлімдеген.

10 ақпанда өткен сот отырысында Жанболат Мамайдың қорғаушысы судьяға сенімсіздік танытқан. Себебі, ол бұрын процесте бақылаушы болған адамдарды куә ретінде сұраудан бас тартты. Ал олардың арасында белгілі саясаткер Төлеген Жүкеев пен Демпартия бастамашыл тобының мүшесі Дәурен Достияров та бар. Олар өте маңызды мәлімет бере алатын куәгерлер. Себебі, дәл сол «Алматы Арена» маңында болған оқиғаларды бастан аяқ көзімен көрген, құлағымен естіген.

Жуырда халықаралық Freedom Now ұйымының өкілдері Жанболат Мамайдың ісін жіті қадағалап отырғандарын мәлімдеп, қажет болған жағдайда оның мүддесін халықаралық сотта қорғауға дайын екендерін жеткізген.

 

Серіктес жаңалықтары