×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

«Мүмкін емес»: «ҚазМұнайГаз» жаңаөзендіктерді «Өзенмұнайгазға» орналастыру жайлы

14.04.2023, 11:28
«Мүмкін емес»: «ҚазМұнайГаз» жаңаөзендіктерді «Өзенмұнайгазға» орналастыру жайлы
Коллаж: Ulysmedia.kz

ҚазМұнайГаз компаниясы «БерӘлі Маңғыстау Сompany» мекемесінің бұрынғы қызметкерлерімен келіссөз жөнінде есеп берді. Келіссөз жалғасып жатқанын хабарлады. Ақпарат компанияның ресми сайтында жарияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz тілшісі.

«Биыл 11 сәуірден бастап Астанада арнайы комиссия жұмысын бастады, оның құрамына Энергетика министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ өкілдері, сондай-ақ 10 адамнан құралған БерӘлі компаниясының белсенді тобы кірді.

Бүгінге дейін жұмыс комиссиясы 3 отырыс өткізді.

1. БерӘлі компаниясының бұрынғы қызметкерлерінің басты талабы – «Өзенмұнайгаз» АҚ штатына жұмысқа орналасу. Бастамашыл топқа бұл шарттың мүмкін еместігі айтылды. Ұйымға жұмысқа кезекте 9 мың адам тұрғаны атап өтілді. Олар қабылданған алгоритмдерге сәйкес бастапқыда коммуналды компанияларда жұмыс істейді, әрі қарай бос жұмыс орны пайда болғанда кезек бойынша «Өзенмұнайгаз» АҚ-қа жұмысқа тұрады. Келіссөз жүргізушілердің бұл талабы қала тұрғындарының мүдделері мен құқықтарына қайшы келеді.

2. Сатып алу қызметін ұзақ мерзімге белгілеу мәселесі бойынша ҚМГ өкілдері «3+2» схемасы бойынша келісімшарт жасасуға дайын екенін білдірді. Ол бойынша келісімшарттар қосымша 2 жылға ұзарту құқығымен 3 жылға жасалатын болады.

3. Жекелеген мәселелер бойынша БерӘлінің бұрынғы қызметкерлерінің талаптары өзгерді: атап айтқанда, жерасты жөндеу жұмыстарының қосымша көлемін «Бұрғылау» және «МұнайФилдСервис» жеке компанияларына беріп, БерӘлінің бұрынғы қызметкерлерін осы компанияларға жұмысқа орналастыру мүмкіндігі айтылды. Алайда, алдын ала келіссөздерден кейін аталған компаниялардың басшылығы өз бригадаларының толық жүктелмеуіне байланысты мұндай қызмет түрін көрсетуге қызығушылығы жоқтығын мәлімдеді.

4. Еңбекті қорғау және ұйымдастыру жағдайлары, бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамасын (БТБА) қолдану және тендер рәсімдеріне қатысты мәселелер бойынша тәуелсіз комиссия құруды   мемлекеттік орган өкілдері қарастыруға және комиссияның күн тәртібі мен құрамын мүдделі органдармен келіскеннен кейін жауабын беруге дайын екендіктерін мәлімдеді.

5. Бұдан бөлек, ҚМГ өкілдері БерӘлі компаниясының бұрынғы қызметкерлерінің барлығын осыған дейінгі жалақысы мен әлеуметтік пакетін сақтай отырып, конкурс нәтижесінде жеңімпаз болған компанияға жұмысқа орналастыруға дайын екендігін растады.

Қазіргі уақытта жоғарыда аталған мәселелерді талқылау жалғасып жатыр және тараптар қолданыстағы заңнамаға сай келісімге қол жеткізуге мүдделі», - делінген ҚМГ хабарламасында.

Еске салсақ, 10 сәуірде  Жаңаөзендегі «БерӘлі Маңғыстау Company» мекемесінің жұмыстан қысқарған 80-ге тарта жұмысшысы Астанаға келіп, Энергетика министрлігі ғимаратының алдына наразылық білдірді.

Олардың бәрі «Өзенмұнайгаз» компаниясынан жұмыс талап етті. Жұмыссыз қалған жаңаөзендіктер мәселеміз шешілмей министрлік алдынан кетпейміз деді. Олар таңды сол жерде атырды.

Бұдан бұрын Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мұнайшылардың талабы әлі айқын еместігін айтқан.

Ал премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов  жаңаөзендік жұмысшылардың тендерден ұтылған компанияның қайтадан ұтып шығуын талап етуі дұрыс еместігін мәлімдеді.

Кейіннен жұмысшылар «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басшылығы ұсынған жұмыс орындарынан бас тартқаны хабарланды.

11 сәуір күні кешке пикет ұйымдастырған Жаңаөзен мұнайшыларын қауіпсіздік қызметкерлері ұстап әкетті. Жерлестерінің ұсталғанын естіген бойда Жаңаөзенде жергілікті кәсіпорындардың қызметкерлері Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, Астанада ұсталған жұмысшыларды босатуды талап етті.

Көп ұзамай Жаңаөзен қаласының әкімі жиналғандарға бейнеөтініш жасап, мәселені түсіндірді, сабырлыққа шақырды.

12 сәуір күні таңертең жаңаөзендік мұнайшылар үйлеріне қайтып бара жатқандарын мәлімдеп, жерлестеріне алғыс айтты.

Бас прокуратураның дерегінше, Астанада Жаңаөзеннен келген 126 адам ұсталған. Олардың бесеуі “бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу” бабы бойынша ескерту түрінде жаза тағайындалған.