×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

"Кедей халықтың табысы күрт артты дегенге ешкім сенбейді": депутат статбюро жұмысын сынға алды

26.04.2023, 12:32
"Кедей халықтың табысы күрт артты дегенге ешкім сенбейді": депутат статбюро жұмысын сынға алды
Коллаж: Ulysmedia.kz

Ұлттық статистика бюросы ұсынған деректер елдегі шынайы ахуалдан әлдеқайда алшақ. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиевке депутаттық сауал жолдаған Елнұр Бейсенбаев халықтың орташа табысы мен қымбатшылық жайлы ресми статистика шындыққа сай келмейтінін айтты.

- Маған «Өтірікті сендіріп айтудың өзі өнер» деген сөзді Статистика бюросы тура мағынасында түсінетіндей көрінеді. Олардың ресми мәліметін оқысаң, Қазақстанда орташа жалақы Еуропаны өкшелеп қалған, ал жұмыссыздық көрсеткіші бойынша Скандинавия елдерінен еш кем түспейміз.

Дәл қазір қазақстандықтардың ең басты проблемасы – азық-түлік бағасының шарықтауы. Қымбатшылық қарапайым халықты алқымдап тұр. Бірақ Ұлттық статистика бюросы 10 жұмыртқа – 490 теңге, айранның литрі – 390 теңге, пияз – 182 теңге, ал қияр мен қызанақ бағасын 1000 теңгенің көлемінде дейді. Статистика бюросының мәліметінше, биыл наурызда азық-түлік бағасы шамамен 21%-ға өсіпті. Шындығында, мәселе одан әрі ушығып тұр, - деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.

Депутаттың айутынша, AMANAT партиясының өкілдері жуырда Қазақстан бойынша азық-түлік бағасына мониторинг жүргізген.

- Нәтижесінде, пияздың бағасы 350 теңге, қияр мен қызанақ – 1600 теңге, ал жұмыртқаның бағасы 600 теңге, яғни 1,5-2 есеге дейін 70-100%-ға бағаның шарықтағаны байқалады.

Біріншіден, қазір дүкенге баруға қорқасың, баға күн санап өсіп жатыр. Мысалы, 3 адамнан тұратын отбасы бір апталық тамағына ең кемі 40-50 мың теңгенің арасында ақша жұмсайды. Әлеуметтік жағдайы қиын, көпбалалы отбасылар туралы айтуға қысыласың, - деді ол.

Депутат жалақыға қатысты ресми мәліметтерге де күмән келтірлі: Қазақстандағы орташа жалақы 339 мың теңге болса, халықтың жан басына шаққандағы табысы – 166 мың теңге.

Шынын айту керек, бұл цифрларға қарапайым халық сенбейді. Ең төменгі жалақы 70 мың теңге болатын қоғамда, орташа жалақының одан 5 есеге көп болуы мүмкін емес. Оған қоса, осыдан бір жыл бұрын Мемлекет басшысы халқымыздың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайтындығын көрсеткен болатын, яғни инфляцияның өсуі, экономикалық рисктердің артуы жағдайында аталған кедей халықтың табысы күрт артты дегенге ешкім сенбейді, - деді Елнұр Бейсенбаев.

Үшіншіден, соңғы 3 жыл бойы Ұлттық статистика бюросы Қазақстандағы халықтың небәрі 4,9%, яғни 450 мың адам жұмыссыз деген мәлімет берген. 

- Қазақстанда жұмыссыздар статистикасы тек халықты жұмыспен қамту орталықтарына арнайы өтініш бергендердің есебінен жүргізетіні анық. Сондықтан жұмыссыздардың көбі есептен тасада қалып қояды.

Ресми дерек бойынша жастар арасындағы жұмыссыздардың саны шамамен 80 мың адам. Шындығына келсек, осы топтадағы жұмыс істемейтін, тіпті оқымайтын NEET жастардың саны 380 мыңды, ал өзін-өзі жұмыспен қамтитын, яғни тұрақты табысы жоқ жастардың саны 300 мыңнан асады. Сонда тек жас азаматтардың кемі 750 мыңы жұмыссыздар қатарында. Бұл ресми статистикалық көрсеткіштен 10 есеге көп.

Мен жоғарыда ел білетін үш бағыт бойынша мысалдар келтірдім. Ал негізінде, экономикалық өсім, өндірістің дамуы, тұрғын-үйлердің салынуы, ауыл шаруашылығынан өнім алу сияқты көрсеткіштер бойынша сұрақтар асып жығылады, - деді депутат.

Елнұр Бейсенбаевтың пікірінше, статистика – елдегі нақты ақпарат пен шынайы көрсеткіштердің бет-бейнесі болуға тиіс.

Дегенмен, Үкімет тарапынан қабылданған шешімдердің әлсіздігі, көбінде қате мәліметтерге сүйенудің негізінде болып отыр. Ұлттық бюро жүргізетін статистика барынша шынайы, халықтың әлеуетін ашық көрсетуге тиіс. Сонда ғана қазақстандықтардың тұрмысын жақсарту, табысын арттыру мүмкін болады. Осы ретте, біз нақты ақпарат берудің жаңа, әділ ережесін қалыптастыруымыз қажет, - деп сөзін түйіндеді ол.