×
443.35
475.54
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.35
475.54
4.82

Журналистерге шабуыл: атышулы іс бойынша сот басты айыпталушысыз өтіп жатыр

15.09.2023, 10:18
Ulysmedia.kz

Алматыда 14 қыркүйекте журналистерге шабуыл ісі бойынша сот процесі басталды. Зардап шеккендердің қатарында Ulysmedia.kz жаңалықтар басылымының бас редакторы Самал Ибраева, журналист және "Гиперборей" YouTube-арнасының авторы Вадим Борейко, сондай-ақ журналистер мен қоғам белсенділері Гүлнар Бажкенова, Гүлжан Ерғалиева, Динара Егеубаева және Роман Егоров бар.

Денсаулығы сыр берді

Сотталушылардың орындығы іс бойынша басты айыпталушы – Аркадий Клебановқа тиесілі, бірақ сотқа тек қорғаушы тарап келді, күдіктінің өзі медициналық сараптаманың анықтамасы бойынша сотқа келе алмады. Процесс мамандандырылған ювеналды сотта өтті, өйткені айыпталушылар қатарында кәмелетке толмағандар бар.

Тыңдаулар басталмас бұрын Вадим Борейко алдағы отырысқа болжам жасады. Оның пікірінше, күдіктіні есі дұрыс емес деп танып, қылмыстық қудалаудан босатуы ғажап емес.

"Мен бұлай боларын наурыз айында ол барлық жауапкершілікті өз мойнына алып, өзін қылмыстың тапсырыс берушісі ретінде мойындаған кезде сездім", – деді журналист.

Естеріңізге сала кетейік, Клебанов "Рахатгейт" деп аталатын іс – 2007 жылы Қазақстандағы мемлекеттік төңкеріс әрекетінен кейін журналистерге тіс қайраған. Айыпталушының өзі айтқандай, журналистер оның әкесі Сергей Маневич туралы жағымсыз ақпарат таратқан.

- Мен "Время" күнделікті газетінің бас редакторы қызметін атқардым, басылым осы қылмыстық іспен егжей-тегжейлі айналысқан және жарияланған барлық репортаждар есімде жақсы сақталған.  Оның әкесінің тегі бірде-бір материалда жазылмағанын сенімді түрде айта аламын, - деді Вадим Борейко.

Ол шабуылдардың тікелей ұйымдастырушысы – Токарев, содан кейін БАӘ-де Клебановтың өзін ұстағаннан кейін полиция қылмыстық істі асығыс жүргізуге тырысқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл әрекеттердің барлығы қылмысқа қатысы бар жоғары билік орындарын жауапкершіліктен жалтарту үшін қажет болды.

Осыдан кейін Клебановтың психикасы бұзылды

- Бізге тіпті пара беруге тырысты. 2023 жылдың сәуірінде маған Клебановтың адвокаты Ильшат Юсупов хабарласып, одан әрі қылмыстық істен бас тартуым үшін "өтемақы" ұсынды, - деді Вадим Борейко.

Журналистердің аузын жабуға тырысқан сәтсіз әрекеттен кейін "Б" жоспары күшіне енді деп болжауға болады – Клебановты есі дұрыс емес деп тану.

– Есі дұрыс емес адам отбасын құрып, балалы болып, жақсы компанияда жұмыс істей алады, өз жоспарын жүзеге асыруға шамамен 300 мың АҚШ долларын жұмсай алады және осының бәрінен кейін ақыл-есі дұрыс емес адам болып қала алады дегенге сену тіпті қиын, - деп күмәнданады журналист.

Сондай-ақ, сотқа дейінгі талқылаулар кезінде екі медициналық сараптама жүргізілді, алайда зардап шеккен тараптың тәуелсіз медициналық тексеру жүргізу туралы өтініші қанағаттандырылған жоқ.

Сендіре алған жоқ

- Жалпы алғанда, барлық кінә Токарев мырзаға артылатын сияқты, бұл қылмыстың басты тапсырыс берушілері оны құрбан етуге дайын секілді, – деді Вадим Борейко.

Алайда, журналистің айтуынша, қылмыстық істе ерекше назар аудару керек бір маңызды факті бар. Тергеушілер Клебановтың анықталмаған адаммен бірге әрекет еткенін анықтады, бірақ ол қазір белгісіз адамды жасырып, барлық кінәні өз мойнына алып отыр.

Отырыс дәл белгіленген уақыттағ сағат 15.00-де басталды және жабық режимде екі сағатқа созылды.

Сот психоневрологиялық сараптамасының материалдарымен танысқаннан кейін жәбірленуші тараптың адвокаты Клебановтың психикасының бұзылуын мойындаған сарапшылардың пікірімен келіспейтіндігін білдірді. Адвокаттың пікірінше, дәрігерлер өз тұжырымдарын ғылыми негіздемеген, бұл олардың дәлелдеріне күмән келтіреді.

- Сарапшылар басты сұрақтардың біріне жауап бермейді – күдікті өз іс-әрекетінің нақты сипаты мен қоғамдық қауіптілігін түсініп, басқа күдіктілерді басқара алар ма еді, - дейді адвокат.

Сондай – ақ, қорғаушы тарапы Клебанов өзінің "өмірлік дамуы кезінде ешқашан құрдастарының арасында ерекшелбегенін" атап өтті – ол жақсы мектепте, сондай-ақ Ұлыбританиядағы және БАӘ-дегі оқу орындарында "криптография" мамандығы бойынша оқыған. Сонымен қатар, ол IT-технологиялар саласында табысты компанияларда жұмыс істеді. Жәбірленуші тараптың адвокаты атап өткендей, Клебановтың емдеуші дәрігерлері оның психикалық ауытқуларын бұрын-соңды байқамаған.

Сот ашық болады

Отырыс барысында жәбірленушілердің адвокаттары істі ашық сот процесіне ауыстыруды талап етті.

Жәбірленушілер тарапының дәлелдерімен сот ішінара келісті. Судья келесі отырыстарды көпшілікке ашық ету туралы шешім қабылдады.

Бұл шешім Клебановтың адвокаттарына ұнай қоймады. Олар бүкіл процесс театрландырылған қойылымға айналуы мүмкін деп мәлімдеді, бұл күдіктінің өзіне теріс әсер етеді-мыс.

Жәбірленушілердің адвокаты айтқандай, сот процесі ұзаққа созылуы мүмкін, биыл аяқталуы екіталай.

- Көп адам Клебанов жауапкершіліктен бас тартуы мүмкін деп санаса да, біз оның әділ жаза алуы үшін күш саламыз.

Адвокат Сергей Уткин атап өткендей, осы жылдың көктемінде полиция департаментінде жауап алу кезінде Клебанов өзін сау адамша ұстады – оның психикалық бұзылыстарын көрсететін әрекет байқалған жоқ.

- Сотқа тағы бір тәуелсіз сот-психиатриялық сараптама жүргізу ұсынылды, бірақ бұл жолы Алматыда емес, Астанада. Алайда судья айыпталушыға диагноз қойған сарапшылардан алдын-ала жауап алу туралы шешім қабылдап, бұл мәселені ашық қалдырды. Басты жетістік – осы сот процесінің ашық өтетіні, - деп атап өтті Сергей Уткин.

Келесі тыңдаулардың өтетін уақыты 2023 жылдың қазан айының екінші жартысына белгіленді.

- Мен негізгі тапсырыс беруші табылмағанын түсінемін. Таба алмады немесе табуға құлықтары болмады – сұрақ ашық күйінде қалып отыр. Бірақ мен бір жыл ішінде бастан өткерген нәрсе - DDOS-шабуылдар, қоқан-лоқы, жеке деректердің бұзылуы – бұл кәсібіне қарамастан кез-келген адам үшін қорқынышты нәрсе. Мен мұның қайталанғанын қаламаймын және ешкімнің басына мұндай жағдай түсуін тілемеймін. Бір күні біз бұл іс бойынша барлық шындықты білеміз деп үміттенемін, бірақ бұл соттан ештеңе күтпеймін, – дейді Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраева.

Журналистерге шабуыл

 

Еске салсақ, 10 және 13 қаңтар күндері белгісіз біреулер Elmedia.kz сайты редакциясы кеңсесінің терезелерін сындырып кеткен болатын. Бұл алты айдағы редакцияға жасалған алтыншы шабуыл ретінде тіркелді. Редакция жетекшісі Гүлжан Ерғалиева Ішкі істер министрінен жағдайды бақылауға алуды талап етті. Президент Тоқаев оқиғаға жауап беріп, шабуылдарды мұқият тексеруді тапсырды.

13 қаңтарда белгісіз біреулер белгілі блогер Динара Егеубаеваның көлігін өртеп жіберген. Жыл басында ол «Алтыншы Қаңтар» блогын құру туралы хабарлап, бір мандатты округтер бойынша Мәжілістің мерзімінен бұрын сайлауына қатысуға дайын екенін жеткізген.

Алматы полициясы өрт қойды деген күдікпен кәмелетке толмаған бес жасөспірімді ұстады. Олар сондай-ақ El Media-ға шабуыл жасады деген күдікке ілінді. Тәртіп сақшылары жеткіншектердің интернет арқылы «тапсырыс» алғанын хабарлады.

Өткен жылдың қазан айында Orda.kz ақпараттық порталының редакциясына бас редактор Гүлнәр Бәжкенованың суреті мен шошқаның басы салынған пакет барған. Онда әдейі жыртылған фото жануардың аузына салынған. Бажкенованың өзі бұған Назарбаевтар отбасы мен тұңғыш президент туралы жарияланымдары себеп болғанын мәлімдеді.

18 қаңтарда шабуылдаушылар Ulysmedia.kz сайтын бұзып, бас редактор Самал Ибраева мен оның отбасының жеке деректерін жариялады. Сайт басшысы полицияға арыз жазып, қылмыстық іс қозғалды.

19 қаңтарда журналист және Hyperborey YouTube арнасының авторы Вадим Борейко пәтерінің есігін әлдебіреулер құрылыс көбігімен жауып тастағаны жайында хабар тарады. Журналистің айтуынша, олар есікті жауып, кейін оны өртеп жібермек болған.

Сондай-ақ, жуырда ғана Ulysmedia.kz кеңсесіне біреулер мал еті мен бас редактордың балаларының суреті салынған қорап жіберген. Самал Ибраева бұл әрекетті редакцияны қорқыту деп бағалайды. Құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

 20 ақпанға қараған түні әлдекім журналист Вадим Борейконың операторының екі көлігін өртеп кеткен.

Сонымен қатар 22 ақпанда журналист Данияр Молдабеков өзіне шабуыл жасалғанын мәлімдеді.

28 қаңтарда журналистерге жасалған шабуылдардың үйлестірушісі ұсталғаны хабарланды.

4 наурызда ІІМ шабуылдардың басты ұйымдастырушысын атады.

Министр Ахметжановтың дерегінше, БАҚ өкілдеріне шабуыл жасау деректері бойынша барлығы 30-дан астам іс қозғалып, 22 адамның күдікті деп танылған. Жеті адам қамауда отырғаны хабарланды.

Серіктес жаңалықтары