Ұлысмедиа командасы Қазақстандағы ең үлкен ауыл Маңғыстау облысында Ақтаудан 463 км қашықтықта орналасқан Бейнеу ауылында болып қайтты. Бұл мекеннің 70 мыңнан астам тұрғыны бар. Халқы ерекше еңбекқор. Жастары жалындап тұр екен. Сапар аясында Бейнеудегі мектептерді аралап шықтық. Мұғалімдерді, оқушыларды, тұрғындарды жаздық. Көп сұрақ қойдық. Бір ауыздан “Отпан” жобасы туралы біраз әңгіме айтылды.
«Отпан» жобасы ҚР Үкіметінің бастамасымен Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының ауылдық тірек мектептерін құрудағы табысты тәжірибесі негізінде басталды.
2019 жылдан бері бұл Қор Aitas холдингінің қолдауымен білім сапасындағы теңсіздікті жоюға бағытталған өзгерістердің қозғаушы күшіне айналды. Бүгінде Қордың жобалары ел аумағында 325 тірек және шағын жинақталған мектепті қамтыды. Оларда 160 мыңнан астам оқушы білім алады және 11 мыңға жуық мұғалім жұмыс істейді. Бұл бағдарламалар аясында 5500-ден астам оқу кабинеті жабдықталып, 40 млрд. теңгеден астам демеушілік қаражат тартылды.
Жоба нақты өңірдегі ауылдарда білім сапасын арттыруға, қала мен ауыл мектептері арасындағы айырмашылықты азайтып, шама келсе, теңестіруге бағытталған. Ауылдағы білім ошақтарының сапасын арттырып, оқушылар мен мұғалімдерге қолдау көрсетіп жатқан “Отпан” туралы білгіңіз келсе, мархаббат.