Ұлысапта жобасы көрерменіне ескі де жаңа Қазақстанның жаңалықтарын ұсынуды жалғастырады. Жаңа Қазақстанда жұрт армандаған әділет орнаса екен деген үмітпен жүргеніне аз болған жоқ. Алайда елдегі, қоғамдағы жаңалықтарға қарасақ, әділеттің ауылы тым алысқа көшіп кеткендей көрінеді. Бұған осы жеті күнге арналған шолу барысында көз жеткізесіз.
Теміртаудағы өлім зауыты! Арселор Миттал шахтасында тағы бес адам қаза тапты. “Қасапханада” көз жұмғандар саны жүзден асып кеткенін айтады ресми статистика. Ендеше бұл компанияның жұмысына неге тоқтам болмай тұр? Үнді миллиардеріне мемлекеттің әлі келмей жатыр ма?
Қазақмыстағы кеңшілер де ереуілге шығып, олай тартса, бұлай жетпейтін жалақыларын көтеруді талап етті.
Ал қор нарығы мың құбылып тұр. Құлдыраған рубльдің соңы не болмақ? Өйткені, біздің валюта соның жетегінде емес пе? Мойындасақ та, мойындамасақ та, шындық – сол. Доллар өсіп, теңге девальвацияға ұшырауы мүмкін бе?
Ресейге бағытталған санкциялар Қазақстанды айналып өтпей ме? Қандай компанияларға санкция қолданылуы мүмкін?
Ауыл шаруашылығында да дүрбелең. Жамбылдық диқаншылар сусыз қалды. Экология министрлігінің қырғыздармен келісе алмауына кім себеп?
Әулиеатадағы жаңалық мұнымен шектелмейді. Онда әруақтар соты болып жатыр. Таразда оққа ұшқан бес азаматтың біреуі ғана ақталды. Қалғаны ше?
Кімді қатерге итеріп жатырмыз? Қазақстанда АЭС ақыры халық келісімінсіз салынатын болды.
Аптаның өзекті оқиғаларын бірге сараптайық. Ұлысаптамен бірге болыңыздар.