Теңіз жағасындағы жер аймақтың ең көрікті жерінің бірі саналады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Не болды
Маңғыстау облысында прокурорлар Каспий теңізінің жағалауы бойындағы 3,4 мың гектар жер учаскесін жеке тұлғаға заңсыз беру фактісі анықталғанын хабарлады.
– Кендірлі шығанағы деп аталатын бұл учаске оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай 23 шақырымға созылатын аумақтың басты көрікті жерінің бірі.
2007 жылы учаске "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ-қа сауықтыру кешенін салу үшін 3,1 млрд теңгеге сатылып, кейіннен "Гелиос" ЖШС-не 3,3 млрд теңгеге қайта сатылған.
Талдау көрсеткендей жергілікті атқарушы орган тарапынан Жер кодексінің талаптары бұзылып, бұл жер заңсыз берілгені анықталды. Атап айтқанда, жер комиссиясының отырысы өткізілмегені, сондай-ақ жер учаскесіне жерге орналастыру жобасы болмағаны анықталды, – делінген хабарламада.
Сот сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тануға шешім қабылдады. Бүгінгі таңда жер учаскесінің кадастрлық құны 30 млрд теңгеден асады.
"Гелиос" ЖШС
Жеке компания миллиардер Рашит Сәрсеновтың отбасының меншігі. Ашық мәліметтерге сәйкес, компанияның құрылтайшысы — Анжела Сәрсенова, ал жетекшісі Диана Сәрсенова.
Сәрсенов туралы не белгілі
Forbes 2023 нұсқасы бойынша Қазақстанның ең бай бизнесмендерінің рейтингінде Рашит Сәрсенов 8 позицияға орналасты. Оның байлығы 950 миллион долларға бағаланады.
Сәрсеновтар отбасында "Нұрбанк" АҚ, "Виктория" сақтандыру компаниясы, Helios ЖҚС желісі, Алматыдағы "Ақсай" нан-тоқаш комбинаты, "Француз үйі", Beautymania, "Сұлулық планетасы" және Imperial Home сауда желілері бар. Сондай-ақ, отбасына Көкше-Цемент өндірістік бірлестігі, "Кастинг" ЖШС (металлургиялық өндіріс), "AltynEx Company" АҚ (алтын өндіру), "Oil Real Estate" ЖШС (жылжымайтын мүлікті басқару), "Компания Нефтехим LTD" ЖШС (полипропилен өндірісі), "Телерадиокомпания Shahar " ЖШС, Caspian University университеті тиесілі.