×
448.56
478.03
4.79
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
448.56
478.03
4.79

Ұлттық парктерді толық жаңғыртатын кез келді - Самал Ибраева

15.12.2021, 10:08

Бұл туралы Алматыда өткен «Табиғи туризм: жаһандық сын-қатерлер және Қазақстанның келешегі» конференциясында «Елім-ай» Ұлттық экологиялық туризм қауымдастығының Басқарма Төрайымы Самал Ибраева мәлімдеді. Конференция резолюцияға қол қоюмен қорытындыланды.

Екі күндік конференцияға мемлекеттік органдар өкілдері, еліміздегі барлық ұлттық парктер мен табиғи қорықтардың басшылары, халықаралық қорлар, туристік бизнес, жоғары оқу орындары, зерттеу институттары, экологиялық және қоғамдық ұйымдар, қоғам қайраткерлері қатысты. Шарада Қазақстанда экологиялық туризм саласын жетілдіру мүмкіндіктері, ұлттық парктердегі инфрақұрылымды дамыту, табиғи туризм арқылы өңірлердің экономикалық әлеуетін өсіру және табиғи алуантүрлілікті барынша сақтап қалу мәселелері ортаға салынды. Барлық тараптар Қазақстанда экотуризмді дамытудың әлеуеті жоғары екенін алға тартып отыр.

Қорытынды резолюцияда конференция қатысушылары Қазақстанның биоалуантүрлілігі мен ландшафттық алуантүрлілігін сақтауға, оның туристік мүмкіндіктерін арттыруға, экологиялық принциптерді ұстанатын инвесторларды тартып, келушілер санын арттыруға, ұлттық парктер мен қорықтардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, адамдарға ыңғайлы жағдай жасауға бағытталған шараларды қолдауға дайын екендерін жеткізді.

Осыған байланысты «Елім-ай» Ұлттық экологиялық туризм қауымдастығының Басқарма Төрайымы Самал Ибраева резолюция аясында бірқатар нақты ұсыныстар берді. Атап айтқанда:

- экологиялық туризм туралы, оның ішінде адамдардың ұлттық парктер мен қорықтарға келуін, ондағы кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін реттейтін бөлек заң жобасын әзірлеу;

-табиғатты қорғау және ұқыпты қарау принциптеріне сәйкес ұлттық парктер мен қорықтарда туризм нысандары құрылысын жүргізудің бірыңғай «жасыл» стандартын әзірлеу;  

- ұлттық парктер мен қорықтардағы рекреациялық жүктеменің бірыңғай стандартын әзірлеу, ұлттық парктер мен қорықтарға баруды есепке алу мен тарифтеу жүйесін заңнамалық деңгейде қайта қарау және ресімдеу;

- экологиялық туризмді танымал ету және жергілікті тұрғындар арасында кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі жұмысты жалғастыру. Бұл жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға, экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік береді;

- ұлттық парктер мен қорықтардың бірыңғай брендін әзірлеп,  оларды ілгерілету стратегиясын пысықтау;

- жаңа бағыттарды – геопарктерді және тағы басқа жобаларды дамытуды, сондай-ақ ел аумағында жануарлардың кейбір түрлерін интродукциялауды қоса алғанда, экологиялық туризмді әртараптандыру мүмкіндіктерін қарау;

- рейнджерлер қызметін құру мәселесін пысықтау. Бұл ретте әрбір ұлттық паркке немесе қорыққа келетін рейнджерлердің саны әлемдік стандарттарға сәйкес келуі және барлық ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қамтуы тиіс. Жетекші шет елдердің (АҚШ, Норвегия және т.б.) ұлттық парктері мен қорықтарының тәжірибесі көрсетіп отырғандай, рейнджерлер қызметін құру олардың жұмысының тиімділігін арттыруға, уақтылы бақылауды және қауіпсіздік үшін жағдайларды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

- барлық ұлттық парктер мен қорықтарда волонтерлік экологиялық қозғалыстарды кеңейту жөніндегі жұмысты жандандыру;

- тиісті салалық министрліктер мен ведомстволардың жұмысын оқу орындарындағы білім беру бағдарламалары, БАҚ-тағы, интернет желісіндегі танымдық телевизиялық бағдарламалар мен оқыту материалдары арқылы халықты экологиялық ағартуға бағыттау.

Самал Ибраева аталған шараларды жүзеге асыру Қазақстандағы экотуризмді жаңа деңгейге көтереді деп сенеді. Өз кезегінде «Елім-ай» қауымдастығы қойылған мәселелерді шешуде мемлекеттің, бизнестің және қоғамның ресурстарын топтастыру үшін барлық күш-жігерін салады.

Серіктес жаңалықтары