×
434.58
496.46
5.68
#қаңтар қақтығысы #мұнай #әкімге үш сұрақ #лот ашар #ауыс-түйіс #кибербуллинг #коронавирус #hi-tech
434.58
496.46
5.68

Төрт үміткер: Атырауда жаңа әкім кім болатыны талқыланып жатыр

29.12.2021, 09:11
Ulysmedia.kz

Атырауда облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов жақын арада қызметінен кететіні айтылуда. Сонымен қатар, облыс орталығында Қазақстанның мұнай астанасының жаңа басшысы кім болатыны қызу талқылануда. Инсайдерлік ақпарат бойынша нақты үміткер Нұр-Сұлтаннан келуі тиіс.

Ulusmedia.kz тілшісі ең бай және сонымен бірге ең кедей аймақтың жетекшісіне үміткерлерді талдап көруге тырысты. Бұл тізімге сенатор Сәрсенбай Еңсегенов, Мәжіліс депутаттары Сәлімжан Нақпаев пен Дүйсенбай Тұрғанов, сондай-ақ вице-премьер Ералы Тоғжанов енді.

Атырау облысы - республикалық бюджеттің негізгі доноры. Ол мемлекеттік қазынаға түсетін жарты миллиардтың жартысына жуығын қамтамасыз етеді. Осыны ескере отырып, Атырау облысын іскерлік қабілеті бар, мұнай саласын жақсы білетін және батыс өңірінің ерекшеліктеріне қанық мықты менеджер басқаруы тиіс.

Әзірге облыс тұрғындары жаңа басшыға қатысты болжам жасап, белгілі шенеуніктердің атын атауға көшкенімен, Махамбет Досмұхамбетов журналистердің облыс әкімі ретіндегі жұмысына риза ма деген сұрағына оң жауап беруден танбауда. Алайда, бұл көзқарас көптеген проблемаларға байланысты шындыққа жанаспайтындай. Мысалы, оның орынбасарлары сыбайлас жемқорлыққа айыпталып жатқанымен, қыңқ етпес тыныштығы көпшілікті таң қалдырады.

Сәрсенбай Еңсегенов өңірге жақсы танымал адам. Ол 58 жаста, Атырау облысында дүниеге келген. Парламент депутаты ретінде 2008 жылы жоғарғы палатаның конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі болды. Өкілеттік мерзімі биыл аяқталды.

Сәрсенбай Еңсегенов Орал өзенінің проблемаларын көтеріп, жұртшылықпен кездескеннен тыс, фонограммамен ән салатын әншілерге қарсы шықты. Айтпақшы, 2016 жылы Еңсегенов сол кездегі білім және ғылым министріне қазақ тілінде сөйлеу қажеттігі туралы ескерту жасады. Алайда, орыс тілінде баяндама жасаған министрді Сенат төрағасы Тоқаев қолдап шықты. Осыдан кейін Тоқаев пен Еңсегенов арасында дүрдараздық пайда болды деген қауесет тарады. Бірақ бұған қарамастан, жергілікті тұрғындар, облыс әкімі қызметіне Еңсегеновті тағайындау туралы ұсынысты қолдайтыны байқалады.

Парламент Мәжілісінің депутаты Сәлімжан Нақпаев та еліміздің мұнай астанасы басшысы лауазымына үміткерлер тізімінде тұр. Ол аудан, қала әкімі болды және үш рет облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Алайда, 2017 жылы облысты Нұрлан Ноғаев басқарған кезде Нақпаев мемлекеттік қызметтен кетіп, «Ембімұнайгаз» компаниясына ауысты. Көптеген адамдар Бергей Рысқалиевтің сенімін иеленген Нақпаев қылмыстық жанжалдан және экс-басшысының сырттай болса да жазалануынан кейін өз позициясын неге сақтап қалды деп ойлап қалғаны анық.

Айтпақшы, Нақпаевтың соттылығы туралы келтіре кеткен жөн. 2012 жылы Рысқалиевтің нұсқауымен, Нақпаевтың өзі түрмеге қамалды. Ол халықаралық консорциумның топ-менеджерінің кабинетінде қамауға алынып, қызметіндегі өктемдігі үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Түрмеден ол Президентке хат жолдап, онда сыбайлас жемқорлық Атырау облысының әкімдігінде кеңінен таралғанын, шенеуніктердің миллиардтап ұрлап жатқанын хабарлады. Хат 9 тамызда жіберілді, ал алты күннен кейін Назарбаев Атырауға келіп, Рысқалиевті жұмыстан босату туралы жариялады және облыс әкімі етіп Бақтықожа Ізмұхамбетовті тағайындады. Ал Нақпаевтың өзі аймақ басшысының орынбасары болды. Оны бұл жұмысқа Президент Әкімшілігінің белгілегені мәлім. Сол 2012 жылдың қыркүйегінде Нақпаевты Жоғарғы сот толық ақтады.

Парламент Мәжілісінің 62 жастағы депутаты Дүйсенбай Тұрғанов та Атыраудың тумасы. Ол бірнеше рет облыс әкімі болуға «тырысқан». Алайда бұл әрекеттердің барлығы сәтсіз болды, сондықтан ол көп жылдар бойы түрлі мемлекеттік компанияларды басқарды, әртүрлі министрлердің орынбасары болды, тіпті Павлодар облысы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді. Иманғали Тасмағамбетовпен жұмыс істегенін мақтанышпен еске алады. Өкінішке қарай, Тұрғанов зейнеткерлік жасқа жеткендіктен, Атырау облысы әкімінің креслосына отыру жоспары бұлыңғыр.

Көптеген жергілікті сарапшылардың пікірінше, Атырау облысының әкімі лауазымына басты үміткер - Ералы Тоғжанов. 58 жастағы Батыс Қазақстан облысының тумасы қазір Премьер-министр орынбасарының міндетін атқарады. Тоғжановтың түрлі салада тәжірибесі мен еңбек өтілі мол, ол тіпті әкім болған - екі жыл бойы Маңғыстау облысын басқарған. Аталмыш бай өңірді басқару ол үшін қазақстандық билік шыңына өзіндік трамплинге айналғанын жасырмайды. Алайда, Маңғыстау облысының тұрғындары оның жұмысына аса риза емес. Оларды оның Жаңаөзен оқиғасын қайта тергеу қажеттілігінің жоқтығы туралы мәлімдемесі ашуландырды. Атыраулықтар егер ол облыс әкімі болса, өңірдің проблемалары сол күйі шешілмей қалады деп қауіптенеді. Олардың ішінде - іске қосылмаған кәріз тазалау қондырғысы, жөнделмеген көпір, «Атырау-Астрахань» тас жолы, электр қуатын берудегі кідірістер және тағы басқа түйткілдер халықты мазалауда.

Таяуда ғана өңір тұрғындары Атырау облысын осында туып-өскен жандар ғана басқарғанын қалағанымен, алайда Махамбет Досмұхамбетов оларды өз ойларын өзгертуге мәжбүрлеген сияқты. Негізі Досмұхамбетов өз орнын бұған дейін босату тиіс еді, бірақ ол Ақордаға әкім лауазымында жылды аяқтайын деген өтініш жасады деген сыбыс бар.

Ulusmedia.kz тілшісі бұл қауесеттердің аражігін әкімдіктен тексеруге талпынғанымен, баспасөз қызметі ондай ешқандай ақпарат жоқтығын айтып, қысқа қайырды.