Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы әлеуметтік желіде дәрігерге тап берген ер адамның ісіне байланысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Еске сала кетейік, әлеуметтік желілерде тараған видеода орта бойлы ер адам жалаңаш күйі алдымен ақ халатты ер адамды соқпақ болады. Мұны көрген ауруханаға қызметкерлері жан ұшырып, басқа ер адамдардан көмек сұрайды. Осы кезде ауруханадағы жедел жәрдем қызметкерлері көмекке келіп, ашуланған пациентті тыныштандырмақ болған. Алайда ер адам сондағы жедел жәрдем қызметкерлерінің бәріне қоқан-лоқы көрсеткен. Оқиға Шымкенттегі токсикология орталықтарының бірінде болғаны туралы мәлімет тарады. Куәгерлердің сөзінше, осы іс бойынша полиция арыз қабылдаудан бас тартқан.
Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, оқиға 20 қыркүйекте кешкі сағат сегіз шамасында болған.
«20 қыркүйек күні сағат 19:50-де Гипербариялық оксигенация орталығына 1995 жылғы азамат жедел медициналық жәрдем көлігімен жеткізілген. Жақындарының айтуынша, пациент улы сұйықтық ішкен. Науқасты дәрігерлер тексеріп, психикалық қозу жағдайының болуына байланысты, тыныштандыру, ем шараларын жүргізу мақсатында жансақтау бөлімшесіне кіргізген. Алайда науқас көмек көрсетуге қарсылық білдіріп, медициналық қызметкерлерге күш көрсеткен. Орын алған жағдайға байланысты 102-қызметіне хабар берілді», - деп хабарлайды басқарма.
Еске сала кетейік, таяуда Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ләззат Ақтаева Талғарда әкесінің ауруханада көз жұмғанын естіген ұлдары дәрігерлерді сабап кеткенін жазған еді. Ол кезде жансақтау бөлімінің дәрігер-реаниматологы мен мейіргері зардап шеккен.
Көп өтпей, Талғардағы оқиға бойынша дәрігерлерге тап бергендер қамауға алынды.