Үкіметте премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров 2025 жылдан бастап әлеуметтік төлемдер қаншаға өсетінін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ИНФЛЯЦИЯНЫ ЕСКЕРЕМІЗ
Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, инфляция деңгейін ескере отырып, барлық зейнетақылар мен жәрдемақыларды жыл сайынғы индекстеу (жәрдемақылар мен базалық зейнетақы 7%-ке, ортақ зейнетақы 9%-ке) шарасы жүргізілген.
ЗЕЙНЕТАҚЫ, ЖӘРДЕМАҚЫ
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ортақ зейнетақы 8,5%-ға, әлеуметтік жәрдемақылар мен базалық зейнетақы 6,5% индекстеледі.
"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша базалық зейнетақының мөлшерін кезең-кезеңімен өсіру жалғасады" дейді Байбазаров.
ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМДЕР
2025 жылға арналған республикалық бюджетте әлеуметтік төлемдердің 42 түріне 6 трлн теңгеден астам сомада шығыстар көзделген. 2024 жылмен салыстырғанда өсу 12,5%-ті құрайды (немесе 671,0 млрд теңгеге).
БАЛАЛЫ ОТБАСЫЛАР
Балалары бар 2 миллионға жуық қазақстандық отбасы республикалық бюджеттен берілетін жәрдемақылармен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдермен қамтылған. 2025 жылдың басынан бастап балалары бар отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылардың барлық мөлшері
6,5%-ке индекстеледі. Жалпы, 2025 жылға арналған республикалық бюджетте балалары бар отбасыларға жәрдемақы төлеуге 875,1 млрд теңге қарастырылған.
АЗ ҚАМТЫЛҒАН ОТБАСЫЛАР
Биыл 1 қарашадағы есеп бойынша, атаулы әлеуметтік көмекті 76,0 мың отбасы немесе 403,0 мың адам алған. Атаулы әлеуметтік көмек көрсету тәсілдерін қайта қарау шеңберінде азаматтардың шығыстарын ескере отырып, отбасының цифрлық картасын пайдалану арқылы атаулы әлеуметтік көмектің трансформациясы, сондай-ақ мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың жүйелерімен біріктіру шарасы күтіп тұр.