×
524.58
551.91
4.93
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
524.58
551.91
4.93

"Әйелді өлтіруге болады": "Қазақ әдебиеті" жариялаған әңгіме оқырманның ашуын туғызды

21.12.2023, 12:56
"Әйелді өлтіруге болады": "Қазақ әдебиеті" жариялаған әңгіме оқырманның ашуын туғызды
qazaqadebieti.kz

«Қазақ әдебиеті» порталы 19 желтоқсан күні жариялаған «Шайтанның торы» әңгімесі оқырмандардың қарсылығына ұшырады деп хабарлайды, ulysmedia.kz

Алдымен «Қазақ әдебиетінің» бас редакторы Дәурен Қуат әңгіменің сайтқа шыққаны жөнінде «Фейсбукке» жазды. Редактордың «қазір қатын құтырған заман болды» деген сөздері оның феминизм ұғымына қарсы екенін ұқтырды.

«Қазір әйел мәселесіне әдебиет те жанығып кірісіп кеткен. Әйелдің еркіндігін, бостандығын, қалағанын істеп қақшаң қағуға ерікті екендігін жазатын жазушылардың феминизм тақырыбындағы шығармалары Батыста да, Шығыста да өтіп тұр. Ащы айтып ауыз былғағың келмейді, алайда айтпасқа және әддің жоқ: қазір қатын құтырған заман болды. Ерінің бетінен арс етіп ала түсу, көкайылданып шапшып сөйлеу – екі әйелдің бірінде бар мінез.  Оның сыртында лас жүріске салынып, ер-азаматының қара басын қорлап, намысын таптап біткендер турасында сөз қозғамасақ та болады. 

...Кейде шағын әңгіменің өзегінде үлкен идея, мағыналы ой жатады. Төмендегі әңгімені оқыңыз, міндетті түрде оқыңыз. Сонда сіз бүгінгі адамзат қоғамында «енді кім кімнен қорғануы керек?» деген сұрақ туа бастағанын сезінесіз...»,- дейді Дәурен Қуат.

Әңіменің қысқаша мазмұнына келсек, іссапардан оралған еркек көзіне шөп салған әйелін өлтіріп тастайды. Ал құқыққорғау органдары, басқа да қатысушылар жеңіл жүрісті әйелді жазғырып, еркекті түсінгендей, қолдағандай кейіп танытады.

Оқиға желісін жақында болған Қуандық Бишімбаевтың трагедиясына ұқсатып жатқандар болды. Сондықтан, мұндай озбырлық еш ақтауға жатпайды деп жазды көбі.

Проза авторы - Сайлау Төлеуов.  Әңгімені оқыған адамдардың пікіріне тоқталсақ. Киносыншы, аудармашы Әсия Бақдәулетқызының қызу талқыға түскен жазбасы.

«Ал, мынандай әңгімелер арқылы,"ойбай, тамаша жазыпты" деп мақтау арқылы қоғамға "азаматтық арың үшін бір қатынды өлтірсең ештеңе емес" деген улы түсінік сіңіреді. Мұнда "азаматты" әспеттеумен бірге әйелді дегуманизация жасау жүреді. Жыныс белгісі бойынша алалау деген сол. Ал ертең осындай пропагандаға тойып алған жігіттер әйелдерін ұрып өлтірсе жаңағы ақыл айтқыштар бара ма түрмеге? Жоқ, әрине. Сондықтан жыныстық теңсіздік негізіндегі қылмысты насихаттаудың орнына адам құқы сияқты универсал құндылыққа ұмтылайық та. Онсыз да түнекпен алысқан жұртты қараңғылыққа қамамасаңдаршы. Мынандай улы түсініктер еш жазғырусыз, ашықтан-ашық насихаттала берсе онда түңіле беруге болады », - деп ашынды Әсия.

Прозаға қатысты ойын білдірген журналист, көркемсөзші, филология ғылымдарының кандидаты Есенгүл Кәпқызының жазуынша, "Қазақ әдебиетіндегі" әңгімесымақты ақтап алу үшін ботофермалар» қосылған. Көбінің әңгіме ауаны автор еркекті қорғап отырған жоқ, оның жан азабын беріп отыр дегенге саяды екен. Журналист прозадан үзінді келтірген.

«"Құлай сүйген, ақ-адал деп жүрген әйелі күндердің күнінде белі тақым сағынып бұраңдап, жар төсегін былғап, төбесінен жай түсіргендей, ер-азамат­тың намысын қорлаған жағдай тек сіздің бір басыңызда ғана ма? Бұндай қорлыққа шыдамай, қызғаныштың күйігінен ақылынан айырылып, көлденең жүрісі көп қатынның қанын мойнына жүктеуге мәжбүр болған еркектердің бір тобы ұйым болып бірігуі мүмкін бе? Иә, мүмкін. Ақ-адал еркектің жазығы не? Өмір бойы есінен шықпас қорлықтан өзге, ол абақты азабын тартуы тиіс пе?"

Әңгімесымақ осылай аяқталады. Сосын бұл шатпақты көркем дүниемен шатастырмай-ақ, қойыңыздаршы. Көркем шығарма бұндай болмайды. Тек қазақ әдебиетін ғана емес, бүкіл әлем әдебиетін оқып жүрген адам ретінде мен сіздерге кепілдік берем. Соңғы уақытта әдебиетте сүбелі шығарма жазылмайтын болған. Оған әдеби сын кінәлі», - деген Кәпқызы.

Ол өз жазбасын медиа зерттеуші, әйел құқығы тақырыбындағы тұрақты сарапшы Молдияр Ергебеков пен саясаттанушы Шалқар Нұрсейітовтерден пікірлерін жазуды өтініп, аяқтаған.

Сыни жазбалар легінен соң,  Дәурен Қуат жауап ретінде «Фейсбукте» тағы да пост жазды.

«Бір делқұлы студент бір кемпірді балталап өлтіріп тастайды. Осы оқиғаны қағазға түсірген автор соңында "әр адам белсенді қылмыскер" деген байлам жасайды. Жұрт шулап әлі күнге әлгі шығарманы оқып жүр. "Балта ұстаған жауыз әлемді қанға бояды ғой" деп жатқан ешкім жоқ.

Кеше мен "Шайтанның торы" деген Сайлау Төлеуов ағамыздың бір қоңыр әңгімесі туралы аңдатпа жазып едім, жұрт шулап кетті. Соған қарағанда әңгіме жаман әңгіме болмаса керек.

Әлгі әңгімеде әйелінің жүріс-тұрысынан күдіктенген еркек түсініксіз хал кешеді. Сол түсініксіз халінен арылмаған күйде көзіне шөп салған әйелін өлтіріп алған болады. Бірақ автор кейіпкерінің әрекетін жұмбақ жағдайда қалтырады»,- дейді.

Даулы әңгіме «Қазақ әдебиеті» порталының басты бетінде әлі тұр. Оқырман тарапынан қарсылыққа ұшыраған проза сайттан өшіріледі деп күткен едік.