×
443.35
475.54
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.35
475.54
4.82

Депутат: Тоқаевтың билігі мен жеке басына төнген қауіп қайтқан жоқ

03.01.2024, 20:33
Коллаж: ulysmedia.kz.

Президенттің «Egemen Qazaqstan» газетіне шыққан сұхбатын әркім әртүрлі тәпсірлеп жатыр. Сұхбаттың үзіндісін әлеуметтік желіде жарыса бөлісіп, әдеттегідей тамсанып жатқандар да, сынап жатқандар да бар. Сұхбат жөнінде депутат Ермұрат Бапи да фейсбугына көлдей пост жазыпты. «Қосарланған билікке» құштарлық қатері жойылса да, Тоқаевтың президенттік билігі мен жеке басына төнген қауіп түбегейлі қайтқан жоқ дейді ол.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбатында бірқатар саясатшылар мен қоғамның жекелеген өкілдері жиі ауызға алып жүрген «қосарланған билік жүйесі» туралы айтты. Мұндай сұрақтың қойылуының өзі бұл қатер қағаберіс қалатын мәселе емес екендігін білдірсе керек. 
Осы сұхбатта президент мырза білдірген бірер пікірге сілтеме жасап, өзім өрген ойдың орамын келтірейін. Бәлки, менің сөз жоралғым әлдебір әбігерлі әлеуметке жақпауы мүмкін, бірақ қоғамның бір пұшпағында 30 жылға жуық жүрген саясаткер ретінде біздің ауызға ешкім қақпақ бола алмайды деп ойлаймын, – дейді ол.

Депутат қосарланғаған билік туралы сұраққа президент Тоқаев өзінің қалыптасқан сабырлы адами тұрпатына сәйкес, салмақты және ұстамды тұрғыда жауап бергенін жазады. «Шынында да, мемлекет пен халықтың тағдырын бір адам арам саяси пиғылы үшін иемденіп алмақ болған, елдің болашағын жеке бас мүддесіне құрбан қылуға әрекеттенген бұл мәселені байыппен емес, айғайлап айтуға болар еді» деп ремарка қалдырады. Президенттің жауабын да жазады.
 

– Министрінің мәртебе жағынан Елбасы (Назарбаев) Президенттен  (Тоқаевтан) жоғары тұратынын айтқаны естеріңізде шығар. Кейбір шенеуніктер (бүгін де бар) біресе ана, біресе мына кабинетті жағалап жүрді. Олар ойнақтап жүріп, ақыры от басты. (Нұрлан Нығматулин, Ерлан Тұрғымбаев, Бауыржан Байбек, Асқар Мамин және т.б. жауапкерлер бар деп топшылайық). Мен кейінірек Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа оның жақын серіктерінің саяси қитұрқылығы еліміздің тас-талқанын шығара жаздағанын (!!!) ашық айттым..., – деді Тоқаев мырза өз сұхбатында.

Иә, бүгінде "қосамжарланған билік"жойылды. Қаңтар оқиғасынан кейінгі елдегі саяси биліктің барлық тұтқасы мен тетіктері президент Тоқаевтың қолында. Бұл орайда алабөтен дау жоқ. Иә, әлі де елдегі жемқорлық жойылған жоқ, әлеуметтік әділеттілік орнап бітпеді. Прокуратура мен соттан қорғау таппай, зар илеп, әділет іздеп жүргендер аз емес. Ұрланған активтерді қайтару ісі мемлекеттік саяси-құқықтық науқанға айналмады, – деп жазады Ермұрат Бапи.

Бапидің сөзінше, 30 жылдық билікке әбден дәніккен сол назарбаевтық «ыстық» ықыластың қайтып келу қаупі барын жазады. Билік басында жүрген жекелеген азаматтар «Назарбаевтың күні келмеске кетті» деп сендіргісі келетінін атап өтеді. «Бұл құрғақ уәжге илана алмайтынын» жазады.
 
– Өзі келмесе де, оның жемқор, жатыпішер, жандайшап жақтастары жайбарақат жатыр ма? Олардың ескілікке аңсары ауған сұрқия сипатын Болат Назарбаевтың жеті күндік асында айтылған сөз астарынан аңғардық. "Әлем таныған", "ел мойындаған", "еңбегі сіңген", "әлі де берері бар" Назарбаевқа деген "халықтық құштарлықты" олар астың үстінде ашық айтты. Ал олар оңашада ошарлы жиындарында не айтып, қандай қисап құрып жүр - бұл бір Құдайға ғана аян болса керек ("КНБ" бұдан хабардар ма?).

Қазақстанда люстрация туралы заң қабылданып, елге кедейшілік пен қымбатшылықтың қамытын кигізген біраз бұрынғы лауазымгер қамауға алынып, сот арқылы жазаға тартылмай, "қосамжар билік жүйесіне" құштарлар айылын жияр ма? Ұрланған миллиардтарды офшорға оқшаулаған олардың ертеңгі сайлауды "сатып алуға" қаржылық қауһары мол екеніне күмән жоқ, – дейді ол.

Ермұрат Бапи жалпы, Назарбаевтың қайтып келу "құштарлығы" қайдан шыққан деп сұрақ қойып, жауап іздейді. Бұл сұрақтың жауабын 2019 жылдың 19 наурызынан іздеу керек дейді. 

– Қандай қысыммен, недей нәубеттен Назарбаев аяқ астынан "кеттім" деді? Кім немесе кімдер оны осыған мәжбүр етті? Анда-санда "шал, кет!" деген, әр жерден шашырап шыққан талап болмаса, жер қайысқан қоғамдық қысым жоқ еді ғой, "экс-президенттік" дәрежеге сырғуға оны қандай күш итермеледі? Шамасы, сол 19 наурызға дейін оның мұндай мұқтаж шешім қабылдауына әсер еткен жойқын сыртқы күш/күштер болған сияқты. Біз әзірге ол күштің мән-мазмұны мен Назарбаевқа қатты қауіп төндірген саяси сипатынан бейхабармыз. Бірақ жуық арада (биылғы жылы) оның жай-жапсары жалпыға мәлім болуы керек деп ойлаймын, – дейді ол.

Депуатт қалай болғанда да, президенттік билігінің сорақысын шығару қатері үйірілген соққының алдын алып, "кенеттен" кетуге бел буғанын айтады. АҚШ-та алапат "Қазақгейт" бұрық етейін деп тұр. (Білкім, Бергей Рысқалиевтың "компра" видеосы үрей үйірді ме? Айтпақшы, 30 жылдық жеке-дара билігінде ол жалғыз рет оңбай жеңіліп, Атыраудың экс-әкіміне барлық тәркіленген активін қайтарып беруге мәжбүр болғанын ұмытпайық) деп тұспалдайды.

– Әйтпегенде, оның өз еркімен тақтан  таятындай басқа қандай қапылысқа тап болуы мүмкін? Бүкіл ел ашса - алақанында, жұмса - жұдырығында болды, биліктің барлық бұтағын бұтына басып алды. Бірақ ол әне-міне жетіп келеді деп күткен қатер әлдебір себептерге байланысты кешігіп жатты. Бұл екі арада ол өзін биліктен ертерек кетуге асықтырған сол сыртқы күштерге өзінің әлі де қажеттілігін, Орталық Азиядағы тұрақтылықтық тұтқасы бола алатынын дәлелдеп, билікті басып алудың айналсоқ амалын ойластырды. Ақыр соңы ол амал - Қаңтар қырғыны боп шықты. 

Бірақ Қаңтарда қаншама жазықсыз қан төгілсе де, қазақты бір Құдай төңкерістен сақтап қалды. (Алда-жалда ол төңкеріс жүзеге асқанда, билік басына салауатты күштер келмесін кейін білдік). Ал тоқаевтық мемлекеттік билікке ендігі қатер қайдан келуі мүмкін? Бүгінгі теңселіп тұрған геосаяси әлемде қауіп қайдан демейік. Араб елдерін сағалап, Кремльді жағалап, кешегі күнін аңсаушылар тісін құрғақ қайрап жүрмеген болар... 

Олар үшін елдегі өзгеріс өліммен тең. "Жаман айтпай, жақсы жоқ", ертең Тоқаевтың "ұйқыдан тұрмай қалуына" қарекет қылып жүргендер жоқ дей аламыз ба? Әлбетте Құдай сақтасын, бірақ "оянбай қалу" операциясы жүзеге асар болса, үш айдан кейін қазақ баяғы таз кепешін қайта киеді. "Кешеден" - "ертеңге" өту кезеңінде Тоқаевқа балама болмасын ескеру керек. Қоғам - қайыршы, билік - берекесіз, "ескілер" ертеңге бізден бұрын жетеді, – дейді ол.

Ермұрат Бапи биліктің ауысу сабақтастығын қамтамасыз ететін заңдар әлжуаз екенін, Тоқаевты саяси топастықпен тоқпақтау - "ескілердің" есесін толтыратынын, сұхбаттағы "ұлттық жұмылу қадеттілігі" деген қағиданың астары – осында деп жазады.

– Тоқаев өз сұхбатында: "Ертеңгі жарқын болашаққа барғыларың келсе, менің төңірегіме топтасыңдар" деп айта алмайды. Оны біз айтуымыз керек, оны қоғамның салауатты саясаткерлері мен қазіргі әлемдік геосаяси ортада отырған Қазақстандағы жағдайдың күрделілігін бағамдай білетін салиқалы азаматтар айтуы керек. Оны (сұхбаттан қаз-қалпында) "өзін "ұлттың қаймағымыз" деп санайтын зиялы қауым өкілдері" айтуы тиіс. 

Ал ол күрделі жағдайды бағамдау аса қиын емес: ел бюджетінің жартысы Ресей құбыры арқылы экспортқа шығатын мұнай мен газдың үлесі құрайды. "Ескілер" өз мүддесі үшін 30 жыл бойы қалыптастырған бұдан артық қандай күрделілік болуы мүмкін?

Бәлкім, менің доғалдау долбарым қарабайыр болуы мүмкін. Бірақ, қалай болғанда да, Жаңаөзеннің жаугер жұртшылығын дүрліктіріп, "Газ-50" ереуілі арқылы бүткіл елге лаң салып, мемлекеттік билікті құлатып, таққа қайтып келудің қандай да бір қамы жасалғанын "Егемендегі" сұхбаттың лейтмотивінен сезіну қиын болмаса керек, – дейді Бапи.

Депутат сөз соңында мемлекеттің діңіне қатер туғызған бұл мәселе турасында билікке де, қоғамға да қапер қылып, бірқатар Ютуб-сұхбатында біраз ой-пікір айтқанын жазады. 

– Сол сөз саптауды сабақтайтын болсақ, біз "ескі" Қазақстаннан, оның үстемшіл саяси мұрасынан құтылмайынша, ешқашан толық мәндегі "жаңа" Қазақстан құра алмаймыз. Тоқаев мырзаның "әділетті Қазақстан" туралы идеялық бастамасы жаппай мемлекеттік идеологиялық, салауатты мәндегі саяси науқанға айналмайынша, ауыз толтырып айтарлық әділеттілік болмайды.

Бірақ парламенттің бүгінгі жұмыс сипатынан президент Тоқаевқа деген депутаттық қана емес, сонымен бірге азаматтық қолдаудың беталысы күшті. Оның басты себебі - біз елдегі өзгерістерге тәнтіміз. Ал кейбір қоғамдық сыншылар қалай айтса да, Тоқаевты "тоңқалаң асыру қажет" деген сыңайдағы желідегі жекелеген саяси жауапсыз жауласу өршіп тұрса да, бүгінгі  өзгерістердің ауторы ел президенті екенін мойындамауға болмайды, – деп түйеді Ермұрат Бапи.

Серіктес жаңалықтары