Тараз қаласынан асырап алынған Сардар есімді жігіт Американың Юта шататында қазақ балалары арасында қоғамдастық құрған. Осылайша олар өзара бас қосып, бір біріне мұң-шерін айтатын орта қалыптастырды, деп хабарлайды ulysmedia.kz «Шетелдегі қазақ балалары» жобасына сілтеме жасай отырып.
!!! МАТЕРИАЛДЫ КӨШІРІП БАСУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ
Сіз кімсіз, Пол Бабкок?
Бір жасқа толмай жатып Америкаға келген Сардар қазір 23-те. Балалық шағы Солт-Лэйк-Ситидің маңындағы Миллкрик деген елдімекенде өтіпті. Тараздың жігіті кішкене ғана емес, қазақша біраз сөзді біледі екен.
«Осыдан екі жыл бұрын, өзімнің туған ата-анама іздеу салып, Америка қазақтарының фэйсбуктегі тобына пост жаздым. Көп адам менімен байланысқа шықты. Солардың бірі Нью-Йоркте өткен Наурыз тойына шақырды. Бардым, сол жерде қазақ жігіттерімен таныстым. Былтыр жұмыс іздеп жүргенде, солардың біріне жазғам, ол маған Питсбургке барып, қазақтармен бірге жұмыс істесең, тұрсаң болады деді. Сөйтіп, көлігіме отырдым да ызғытып отырып, Ютадан Питсбургке жетіп бардым. Америкада жұмыс істеп жатқан қазақ жігіттерімен біршама уақыт бірге тұрдым, қазақшаны солар үйретті», -дейді Сардар Пол.
Сардар Америкада он балалы отбасында өсті
Сардар өте үлкен отбасына тап болған. Оны бағып алған кісілердің өздерінің бес баласы болды. Тағы бесеуін асырап алады. Үш бала Қазақстаннан, екеуі Тайваньнан. Қазір, бір отбасында өскен он баланың ең үлкені 43-те, ал, кішісі 20-да.
«Қазақстаннан екі қыз, бір ұлмыз. Үшеуміздің қанымыз бір емес. Әпкем, менен екі жас үлкен, екінші қыз менімен жасты, тек үш-төрт айға ғана кіші, сонда да қарындасым ретінде қараймын. Алдымен қарындасым екеумізді асырап алған. Сол жолы біз тәрбиеленген балалар үйінен әпкемді көріп қалыпты. Оны да бізбен бірге әкетпек болған екен, бірақ сәті түспепті. Бір жылдан соң, сол үшін Қазақстанға қайта оралған. Есімдері – Мәрзия, Зарина. Мәрзия үлкені, Солт-Лэйк-Ситиде, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйелдерге арналған мекемеде әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істейді. Ал, қарындасым оқып жатыр. Әрине, әрқайсымыз өмірдің әр түрлі кезеңіндеміз, соған қарамастан бір бірімізге жақынбыз», - дейді өзі.
Туған анасы – Баймаханова Елмира Қалмаханбетқызы, әкесі – Бекнұр Баймаханов
99-шы жылдың күзінде дүниеге келген Сардар екі жылдан бері туған шешесін іздеп, сабылып жүр. Туу туралы куәлігінде анасы мен әкесінің аты-жөні жазылған болса да, оған жарық дүниені сыйлаған әйел жер жұтып кеткендей ұшты-күйлі жоқ.
«Туған анамның аты-жөні – Баймаханова Елмира Қалмаханбетқызы, әкем – Бекнұр Баймаханов. Америкалық ата-анамның айтуынша, анам мені перзентханада босана салысымен қалдырып кеткен екен. Бірақ, шынымды айтсам, не болғанын, қалай болғанын толық білмеймін», - дейді ол.
Сардарды мазалайтыны анасы басқа адамдардың оны асырап алуына неге жол бергені. Туған әкесімен отасқан ба, бауырлары, әпке-қарындастары бар ма, осы сұрақтар да туындай береді.
«Туған анамды табам, деп үміттенем. Бұл менің өмірімдегі ұмытылмас, ең керемет оқиға болар еді. Дегенмен, бұлай болмауы да мүмкін екенін білемін. Бірақ үмітімді үзбеймін, іздей берем. Мен оны жеккөрмеймін. Мүмкін, ол, сол кезде қатты қиналған шығар, басына түскен ауыртпалықты көтере алмаған болар. Оны айыптамаймын, жазғырмаймын, мен тек қана оны көргім келеді. қалсаң, сені іздеп жүргенімді білші. Күндердің бір күнінде өзіңмен кездесем деп үміттенем. Сенімен жақынырақ танысқым келеді, өмір бойы өзімді мазалаған сұрақтардың жауабын алғым келеді», - дейді Сардар.
Жақында “Шетелдегі қазақ балалары” жобасының авторы Жанар Байсеміз 2000-шы жылдары Тараз қаласының перезентханасы шетелдіктеге балаларды 50 мың доллардан сатқаны туралы мәлімдеді.
Оқи отырыңыз: Қазақ балаларын шетелге кімдер сатты
Шетел асқан қазақ жетімдері туралы ақпарат соңғы уақытта ақпарат алаңында қызу талқыланып жатыр. Әлеуметтік желінің айдарынан жел есіп тұрғанын да ескерсек, аталған тақырыптың әлеуетті бейжай қалдырмағанын анық сезінуге болады.
Оқи отырыңыз: Қазақстан билігі шетелдіктер асырап алған 250 баланың тағдырынан бейхабар
Редакциядан:
Еске сала кетейік, Qaraqoz подкастының алғашқы қонағы – журналист, «Шетелдегі қазақ балалары» жобасының авторы Жанар Бейсемізова осы мәселені көтерген еді. Жанар алғаш 2009 жылы қолға алған шет елдегі қазақ балалары туралы жоба биыл алтыншы маусымын түсіріп, «Жібек жолы» арнасында көрсетілді. Әр жылдары шыққан бағдарлама көрермен тарапынан қызу талқыланады. Саясаттан бастап, әлеуметтік жағдай, білім беру, жемқорлық, жеке индентификация, бала тәрибесі секілді маңызды аспектілерді қамтыған «Шетелдегі қазақ балалары» жобасы мазмұны мен кәсібилігі тұрғысынан отандық телебағдарламалар арасында оқ бойы озық тұр. Сұхбатты толық көру үшін сілтемеге өтіңіз.
!!! МАТЕРИАЛДЫ КӨШІРІП БАСУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ