Павлодар облысы Майқайың алтын кен орнында 4 жолаушысы бар автобус шұңқырға құлап, екі адам сыртқа шығарылған болатын. Ал қалған екі адам 90 күннен бері әлі табылмай жатыр. Оларды іздеу жұмыстары биыл 23 ақпанда тоқтап қалған.
Бүгін табылмай жатқан азаматтардың туған-туыстары Астанаға келіп, Президент әкімшілігі, Үкімет пен Бас прокуратураға арыз қалдырды. Олар іздеу жұмыстарын қайта бастауды талап етеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Астанаға жеткен арыз
Майқайыңда табылмай жатқан екі адамның бірі – Айдос Шаймерденнің туған қарындасы Айнаш Мәжитова “билікке, халыққа, мемлекетке үніміз жетсе” дейді.
– Астанаға келіп, бүкіл өтінім, арыздарымызды Үкіметке, Президент әкімшілігіне, Бас прокуратураға қалдырдық. Олар біздің арызды қабылдады. 23 ақпанда қазу жұмыстарын тоқтатып тастады. Естеріңізде болса, әуелі 4-7 ақпан аралығында бір тоқтатқан еді. Енді 23 ақпаннан бері бір жарым ай өтті. Қазу жұмыстары сол күйі қайта басталған жоқ. Негізгі себеп – сараптаманың жоспарлы жобасының болмауы. 26-27 ақпан күндері Павлодар облысы әкімдігінің басшылығымен кездескен кезде ұққанымыз, «Майқайың алтын» компаниясы мен ПВАСС (Кәсіби әскери апаттық құтқару қызметі – Айдос Шаймерденнің жұмыс берушісі) қаржыландыру мен келісім жасау жағынан ортақ шешімге келе алмай отыр екен. Демек, жауапкершілікті бір-біріне итереді.
Біз осындай жайтқа куә болып, шетте, осылай келісе алмаған тараптардың құрбаны болып қалып тұрмыз, – дейді Айнаш.
Табылмай жатқан екінші адам – жүргізуші Айып Тілеубергеновтың інісі Амангелді Тілеубергенов.
– Туыстарымызды Алла панасына алды ғой. Мәйіттері әлі шығарылған жоқ. Аруағымызды құрметтейтін қазақпыз. Біз алып шығып, арулап жерлейік дегенбіз. Бірақ 23 ақпаннан бері қазба жұмыстары тоқтап қалды. Сол мәселемен Президент әкімшілігіне келіп, өтініш қалдырдық. Қазба жұмыстары қайтадан қалпына келтірілсе дейміз, – дейді ол.
Амангелді Тілеубергеновтың айтуынша, қазір «Майқайың» комбинаты “кінәсізбіз” деп, жұмыс беруші компанияны «100 пайыз кінәлі осылар» деп сотқа беріп жатқан көірнеді. Ішінде “жүргізуші де кінәлі” деп те жазып қойғанын айтады туыстары.
– «Артында келе жатқан көлік тоқтады, неліктен автобус түсіп кетті» деп аргумент келтіреді. Бірақ ол жерде жарық та болмаған ғой. Екі көліктің ортасы – 20-30 метр. Артта келе жатқан көлік – Киа Спортейдж деген жеңіл көлік. Ол автобустың құлап жатқанын көріп, бірден тоқтаған. Автобусқа шұңқыр көрінбеген. Екіншіден, жаппай жарылыстардан кейін бұлар ішінде кісі қалып қойды ма деп жанталасып бара жатқан. Байқаусызда өздері құлап кеткен.
Біздің мақсатымыз – біздің өтініш президентке жетсе дейміз. Үкімет басшылары қарап, комбинат басшыларын қандай әдіспен болсын қазба жұмыстарын қайта қалпына келтіргені керек! – дейді ол.
Амангелді Тілеубергеновтың айтуынша, қаза болған азаматтардың туған-туыстарына көмек берілгенімен, табылмай жатқан Айдос Шаймерденнің балаларына көмек берілмеген. «Көмек жағы қарауда жатыр» деген жауап келген.
– Комибинат созбақтап жүр. Үкімет мүшелерімен кездесдуе сол мәселе де айтылды. Шетел инвесторы байлығымызды алып, адамдарды көміп кете бере ме? Осындай сұрақ қойдық. Үкіметтен келгендер “қараймыз, шешіп беруге тырысамыз” деді, – дейді ол.
Оқиғаның мән-жайы
Еске сала кетсек, биыл 4 қаңтарда «Майқайыңалтын» компаниясы кенішінің шұңқырына автобус құлаған болатын. Автобуста жүргізуші мен үш құтқарушы болған. Сол күні төтенше жағдайлар министрлігі құтқару бөлімшелері қаза тапқан екі адамның денесін тауып, алып шыққан. Екі адам әлі табылмай жатыр.
4-22 қаңтар аралығында құлаған жерге айналма жол жасалды. Жарылыс жұмыстары жүргізілді. Өткелді кеңейту және тереңдету кезінде екі жүз мың тоннаға жуық топырақ пен тау жыныстары әкелінді. 18 қаңтарында экскаватордың көмегімен автобус корпусының бір бөлігі, жеке заттар, жоғалған адамдардың құтқару жабдықтары табылып, жер бетіне шығарылған. Екі адам сол күйі табылмады.
Ал Бас прокуратураның ақпаратына қарағанда, полиция департаментінің тергеу басқармасы қылмыстық кодекстің 277-бабы 3-бөлігі (тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.
Ulysmedia.kz порталының тілшісімен әңгіме барысында табылмай жатқан азаматтардың туыстары қазу, іздеу жұмыстарына көңілі толмайтынын айтып, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшылығын сынға алған еді.