×
444.22
476.38
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
444.22
476.38
4.82

Грин-картаға қатысушы: Қазақстан жемқорлық батпағына батып жатыр

15.12.2021, 20:11
Фото: ашық дереккөз

Есімін атағысы келмеген грин-карта ұтыс ойынына қатысушылардың бірі неліктен АҚШ-қа кетуді шешкенін айтты, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

«Әңгімені өз елімнің патриоты екендігімнен бастағым келеді. Көп жылдар бұрын көшу туралы ойлауды да ойлаған емеспін. Бірақ қазір болып жатқан жағдайлар ақылға қонбайды. Бір реттік мәселе емес, жүйелі түрде қайталанып отыратын болды. Мәселелердің қалыпты жағдайға айналғаны сондай қазақстандықтардың тұтас бір ұрпағы сапалы білім мен медицинаның не екенін білмейді. Қазір білім, медицина, жалпы тұрмыс деңгейіміз өте төмен. Тіс емдеу құны алатын жалақымызға сәйкес келмейді. Бәрінің бағасы өсіп жатыр, экологиялық жағдайымыз да  қорқынышты. Алматыда ағаштар кесіліп, тау бөктерлері бұзылып жатыр, орталық көшелерде көпқабатты үйлер заңсыз салынып жатыр. Ақша құнсызданады, өзіңізді және балаларыңызды адал жолмен ақша тауып, лайықты өмір сүруді қамтамасыз ету іс жүзінде мүмкін емес. Біз барлық деңгейде парақорлық пен жемқорлықтың кең тарағанын көріп отырмыз. Еліміз жемқорлықтың, заңсыздықтың батпағына батып отыр. Бабаларымыз салған стратегиялық нысандарға шетелдіктер ие болып отыр. Мұндай олқылықтар туралы көп айтуға болады. Түбі жоқ. Бұл нені білдіреді? Жоғары тап пен төменгі таптың арасы алшақтап кеткенін білдіре ме? Мен балалар мен олардың болашағы үшін кеткім келеді».

САРАПШЫ ПІКІРІ

Белгілі қаржыгер Расул Рысмамбетов қазіргі жағдайда мұндай үдерістердің таңғаларлық емес екеніне сенімді. Оның айтуынша, адамдар үшін өз Отанында өмір сүру жайсыз болып қалған.

«Бұл қалыпты жағдай деп ойлаймын. Бұл Қазақстан Республикасындағы өмір сүру деңгейінің төмендеуімен, кедейліктің өсуімен байланысты. Адамдар ақша табудың жолдарын іздейтін шығар – бұл бірінші мәселе. Яғни бұл жақта өмір сүру жайсыз болғандықтан адамдар көшіп кеткілері келеді. Екіншіден, адамдар бұл елден болашағын көрмейді, біреулері балаларының жақсы білім алғанын қаласа, енді бірі болашағының жарқын болғанын қалайды және тағы басқа да себептер бар. Жалпы алғанда, бұл қалыпты жағдай, өйткені АҚШ-қа адамдар да әртүрлі себеппен көшіп барып жатады. Бірақ ол жаққа көшкілері келетін қазақстандықтардың қатары 155 000-ға жеткені – ерекше жағдай. Бұл біздің үкімет үшін дабыл десе болады. Министрлер ғана емес, Президент, Премьер-министр, әкімдер және басқа да шенділерге арналған дабыл».

Сарапшы АҚШ-қа кеткісі келетін қазақстандықтардың саны 155 мыңға жеткені билікті ойландыруы керек деп санайды. Бұдан басқа мемлекетерге кеткілері келетіндер қаншама?!

«155 мың адамның ішінде тәуелсіздік жылдары өмірге келгендер де көп деп ойлаймын. Олар да кеткілері келеді. Бұл үлкен сұрақ. Қазақстандықтардың жайлы өмір сүруі үшін билік жақсы жағдай жасай алып жатыр ма?» - дейді қаржыгер.

Еске сала кетсек, бұған дейін Green card ұтып алуға 155 мың қазақстандық үміттенгені туралы жазған едік.

Грин-карта – АҚШ-тың шетел азаматтарының елде тұруына, жұмыс істеуіне рұқсат беретін ықтиярхаты. Оны алған адам елде бес жыл тұрғаннан кейін азаматтыққа өтініш бере алады. АҚШ ықтиярхатының грин-карта деп аталуы құжаттың жасыл түсіне (ағылшын тіліндегі green сөзі жасыл деген мағына береді) байланысты.

«2021 жылғы лотерея бағдарламасына дүние жүзі бойынша 12 миллионға жуық адам қатысты, оның ішінде 155 мыңы – қазақстандық. 12 миллион қатысушының 132 мыңы виза беру үшін таңдалды. Біздің виза қызметкерлері қазір 2022 бағдарламасына қатысу үшін таңдалғандар үшін визалық өтінімдерді өңдеуде, ал 2023 жылға арналған өтінімдерді қабылдау аяқталды», - дейді Қазақстан Республикасындағы АҚШ Бас консулы Кэролайн Сэвидж.

Серіктес жаңалықтары