×
443.85
474.3
4.8
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.85
474.3
4.8

Олжас Оқас: Көлік бағасы арзандайтыны белгісіз – тек бірнеше сценарий бар

20.01.2022, 12:18
Коллаж: ulysmedia.kz.

Президенттің тапсырмасынан кейін ақыры жұрттың аузындағы «ӨКМ Операторы» утилизация алымы үшін ақша жинау құқығынан айырылды. Бұл функцияны ендігі кезекте мемлекеттік ұйым – «Жасыл даму» АҚ орындайтын болды. Алымның жаңа мөлшері қанша болуы керек? Жалпы осы өзгерістер көлік бағасына қалай әсер етеді? Бұл сұрақты Ulysmedia.kz тілшісі танымал автожурналист Олжас Оқасқа қойып көрді.

«СЕН НҰРБОТСЫҢ» ДЕП ЖАТҚАНДАР БАР

«Утилизациялық алым жөнінде неше түрлі пікір айтатын популистер шықты. Олардың ұсынысы – бәрін алып тастау керек, утилизациялық алым 50-ақ доллар болуы керек дейді. Бастапқы алымды алып тастау керектігін айтады. Бірақ экономика олай жұмыс істемейді ғой. Экономиканың өз тетіктері бар. «Утиль» болуы керек, бір-ақ себеппен – Қазақстанның ақшасы Қазақстанға қалуы үшін! Бірнеше жылдан бері көтеріп келе жатқан мәселем – операторлықты РОП-тан мемлекетке ауыстыру керек деген проблема болатын. Яғни утилизациялық алым жеке компанияға емес, мемлекеттік компанияға құйылуы керек деген қағида. Енді ол мақсатқа қол жеткіздік. Ары қарай содан түскен ақшаны дұрыс игеріп, жүргізушілердің игілігіне пайдананған жөн! Ал олар отандық бизнесті қолдау керек деп бір айтады да, кейін біздің өндірушілердің бәрі жасанды, бірнеше адамның қолында деп, отандық автоөндірісті өлтіру керек дегенге дейін барады. Мен бұл позицияны қолдамаймын», - дейді автожурналист.

Олжас Оқас көпшіліктің қолдауына ие бола қоймаған осы позициясы үшін кейбір адамдар тарапынан сынға ұшырап жатқанын айтады. «Сен нұрботсың» деп те кінәлағандар бар екен. Алайда автожурналист солай айыптағандардың ешбір нақты дәлелі жоқтығын айтады.

«Өйткені халық «популярный» позицияның артынан ереді. Көбі экономика дегенді ұғып тұрған жоқ. Бүгін арзан Camry алу – бәрінің мақсаты сол! Алайда солай шулап жүргендердің көбінің сол көлікке де ақшасы жоқ. Утилизация алымын алып тастаса, бүкіл проблема шешілетін сияқты. Шынтуайтында, шешілмейді. Кім Camry алды – оның утильге де, камриге де ақшасы бар», - дейді ол.

ИНВЕСТКЛИМАТТЫ КІМ ЕСКЕРЕДІ?

Автожурналист сонымен бірге мемлекеттің инвесторлар алдындағы міндеттемесі барын да еске салды. Қазақстан автоөндіріс бағытында басқа мемлекеттермен келісімдерге, құжаттарға қол қойған. Яғни Қазақстанда өндіріспен айналысатын шетелдік компаниялар, олардың өндірісі заңмен қорғалуы керек.

«Енді аяқасты бәрін жоққа шығара салуға болмайды ғой. Олай етсек, бұл қадам елдің инвестициялық климатын нашарлатуы мүмкін. Бірақ егер халық «утильді» алып тастауды қажет етсе – мархабат алып тастасын! Мен тек оның экономикалық кері әсерін айттым», - дейді Олжас Оқас.

Утилизация алымын алып тастау керек деген адамдар, шетелде сол жарнаның 50-70 доллар аралығында екенін аргумент еткісі келеді. Ал арғы түп тамырына бармайды. Автожурналистің айтуынша, басқа елдерде қосымша құн салығы (ҚҚС) 30 пайыз болса, бізде 12 пайыз. Кедендік алым мысалы Өзбекстанда 30 пайыз болса, Қазақстанда 15 пайыз мөлшерінде. Жапонияда утилизациялық алым 100 доллар. Бірақ ол жерде көлік қоятын жеке орның болмаса, мүлде көлік айдауға болмайды.

«Біздің елде ол нақты утилизация алымы деп аталады да, басқа мемлекеттерде ол жасырылған – біреуі ҚҚС арқылы, екіншісі кедендік алым ретінде бәрібір көлікке салықты өсіріп қойған», - деп ескертеді автожурналист.

УТИЛИЗАЦИЯ АЛЫМЫН ҚАЙДА ЖҰМСАУ КЕРЕК?

Автожурналист бұл бағытта нақты позициясын білдірді. Айтуынша, мемлекетке аударылған миллиардтаған қаражат отандық өндірісті ары қарай дамыта отырып, жеңілдетілген, субсидияланатын автонесие ретінде кәдеге жарауы тиіс.

«3-4 пайызбен несие берілсе! Бірақ ол тетік міндетті түрде жұмыс істеуі тиіс! Қазақстандықтар жаңа көлік алып, оны бірнеше жылда төлеп тастаса, бізге утилизациялық зауыт та керек емес. Көрші елдер сол көліктерді сәл арзан бағамен-ақ алып кетеді. Ал біз қайтадан жаңа көлік сатып ала аламыз. Бұл – қазірдің өзінде Біріккен Араб Әмірліктерінің саясаты. Олар – реэкспорт мемлекеті. Оларда өндіріс бар. Африка мемлекеттері олардан ескі көліктерді алып кетіп жатыр. Сондықтан утилизация жағынан оларда ешқандай проблема жоқ», - дейді Олжас Оқас.

КӨЛІК АРЗАНДАЙ МА?

Көлік келешекте қымбаттайды немесе арзандайды деп айту әлі ерте дейді Олжас Оқас. Тек бірнеше сценарийді қарастыруға болады. Шынымен алымның бәрін алып тастаса, көлік расында да арзандайды.

«Бірақ бірден емес. Нарықта сұраныстан гөрі ұсыныс көбейген кезде! Яғни кішкене жаңарақ көліктер Колесода, базарда қаптаған кезде анау ауди 100 немесе бочкалары ешкімге керек емес болып қалады. Олардың бағасы төмендейді. Бірақ сұмдық қатты арзандап кетеді деуге сену қиын. Тәуелсіз Қазақстанда қашан бірдеңе арзандап еді», - дейді автожурналист.

Бірақ көліктің белгілі бір пайызға төмендейтіні анық. Оған да бәлкім жарты немесе 2 жылдай уақыт керек.

«Ал егер утилизациялық алымды кәдімгідей азайтса, онда шынында да ақшасы бар орта санаттағы азаматтардың да шетелден жақсы көлік алып келуіне мүмкіндік пайда болады. Ол кезде де көлік сәл арзандайды. Енді осының бәрін қатар дамытуға болады. Утилизациялық алым да сәл арзандау болса, оған қоса ақшаны дұрыс игеріп, отандық өндіріс пен қарапайым азаматтарды қолдауға қаражат жұмсалса дұрыс болар еді. Халық кредит дегеннен қорқады. «Сен кредитті насихаттаушысың» деген маған жазылған пікір бар. Бірақ ол да қаржылық құрал. Бірдеңені жылдам алғың келсе, бәрібір несие аласың», - дейді Олжас Оқас.

Автожурналист сөз соңында күні кеше елдегі автосалондардың иелері (көбі Ресейден келген) салондағы көліктердің арзандамайтыны туралы ақпарат таратқанын айтты.

«Яғни бұрын утилизациялық алымға кеткен ақша олардың тікелей қалтасына кетеді. Демек, бұл құбылыс жаңа көліктерге әзірге әсер етпейді. Тағы да соларды байытамыз. Дистрибьюторлар көлік бағасын түсірмейді», - деп түйді Олжас Оқас.

Серіктес жаңалықтары