×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Журналистерге шабуыл: Адам құқықтары жөніндегі уәкіл тергеу жайлы пікір білдірді

17.03.2023, 11:54
Журналистерге шабуыл: Адам құқықтары жөніндегі уәкіл тергеу жайлы пікір білдірді
Коллаж: Ulysmedia.kz

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев БҰҰ адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссарымен кездесу барысында Қазақстандағы журналистерге жасалған шабуылдарды тергеу жұмыстарына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

"Мен жоғарғы комиссарға қазіргі уақытта журналистердің, блогерлердің және басқалардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету қажеттігіне қатысты мәселелер туындаған кейбір істер бойынша қылмыстық тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарладым", - деді ол.

Ластаевтың айтуынша, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық бұл тергеулерді құптайды.

"Соңғы кездегі қылмыстық істерге келсек, құқық қорғау органдары кәсіпқойлық танытты. Олар бұл қылмыстарды жасады дегендерді ғана емес, оны ұйымдастырғандарды да тапсырыс берушіге дейін таба алды. Тергеу жан-жақты, объектив, бейтарап жүргізіліп, барлық кінәлі тиісті жазасын алады деп сенеміз", - деді Адам құқықтары жөніндегі уәкіл.

Еске салсақ, 10 және 13 қаңтар күндері белгісіз біреулер Elmedia.kz сайты редакциясы кеңсесінің терезелерін сындырып кеткен болатын. Бұл алты айдағы редацияға жасалған алтыншы шабуыл ретінде тіркелді. Редакция жетекшісі Гүлжан Ерғалиева Ішкі істер министрінен жағдайды бақылауға алуды талап етті. Президент Тоқаев оқиғаға жауап беріп, шабуылдарды мұқият тексеруді тапсырды.

13 қаңтарда белгісіз біреулер белгілі блогер Динара Егеубаеваның көлігін өртеп жіберген. Жыл басында ол «Алтыншы Қаңтар» блогын құру туралы хабарлап, бір мандатты округтер бойынша Мәжілістің мерзімінен бұрын сайлауына қатысуға дайын екенін жеткізген.

Алматы полициясы өрт қойды деген күдікпен кәмелетке толмаған бес жасөспірімді ұстады. Олар, сондай-ақ El Media-ға шабуыл жасады деген күдікке ілінді. Тәртіп сақшылары жеткіншектердің интернет арқылы «тапсырыс» алғанын хабарлады.

Өткен жылдың қазан айында Orda.kz ақпараттық порталының редакциясына бас редактор Гүлнәр Бәжкенованың суреті мен шошқаның басы салынған пакет барған. Онда әдейі жыртылған фото жануардың аузына салынған. Бажкенованың өзі бұған Назарбаевтар отбасы мен тұңғыш президент туралы жарияланымдары себеп болғанын мәлімдеді.

18 қаңтарда шабуылдаушылар Ulysmedia.kz сайтын бұзып, бас редактор Самал Ибраева мен оның отбасының жеке деректерін жариялады. Сайт басшысы полицияға арыз жазып, қылмыстық іс қозғалды.

19 қаңтарда журналист және Hyperborey YouTube арнасының авторы Вадим Борейко пәтерінің есігін әлдебіреулер құрылыс көбігімен жауып тастағаны жайында хабар тарады. Журналистің айтуынша, олар есікті жауып, кейін оны өртеп жібермек болған.

Сондай-ақ, жуырда ғана Ulysmedia.kz кеңсесіне біреулер мал еті мен бас редактордың балаларының суреті салынған қорап жіберген. Самал Ибраева бұл әрекетті редакцияны қорқыту деп бағалайды. Құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

 20 ақпанға қараған түні әлдекім журналист Вадим Борейкноның операторының екі көлігін өртеп кеткен.

Сонымен қатар, 22 ақпанда журналист Данияр Молдабеков өзіне шабуыл жасалғанын мәлімдеді.

28 қаңтарда журналистерге жасалған шабуылдардың үйлестірушісі ұсталғаны хабарланды.

4 наурызда ІІМ шабуылдардың басты ұйымдастырушысын атады.

Мнистр Ахметжановтың дерегінше, БАҚ өкілдеріне шабуыл жасау деректері бойынша барлығы 30-дан астам іс қозғалып, 22 адамның күдікті деп танылған. Жеті адам қамауда отыр.