×
494.87
520.65
4.91
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
494.87
520.65
4.91

«СҚ-Фармация» шет елдерден сатып алынатын вакциналардың бағасын жасырып отыр

04.10.2021, 12:10
«СҚ-Фармация» шет елдерден сатып алынатын вакциналардың бағасын жасырып отыр
Коллаж: ulysmedia.kz

Қазақстанда бұл күнде отандық «QazVak», ресейлік «Sputnik V» және қытайлық «Синофарм» вакциналары қолжетімді. Осы үш екпенің ішінде шет елдердің вакциналарының дозасы қаншадан сатылып алынып жатқанын «СҚ-Фармация» компаниясы құпия ұстап отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы.

«Сатып алу келісімшарты бойынша, вакциналардың құны туралы мәліметтер құпия. Жария етуге жатпайды. Бірыңғай дистрибьютор құпиялылық туралы тармақтың шеңберінде келісімшартқа қол қоюшы ретінде жария етпеу туралы міндеттемені өзіне алды. Оны бұзған жағдайда салдары болуы мүмкін», - деп жауап берді компанияың баспасөз қызметі Ulysmedia.kz порталының ресми сауалына.

Бір қызығы, жалпақ жұртқа бұл ақпарат құпия болғанымен, депутаттарға қолжетімді болуы керек. Себебі, осы жылдың мамыр айында Сенат депутаты Айгүл Қаппарова Денсаулық сақтау министрлігі неліктен ресейлік вакцинаны отандық екпеден гөрі қымбатқа сатып алып отырғанын сұраған еді.

«Hayat-Vax вакцинасының толық компонентінің құны 62,2 доллар, Спутник V вакцинасының бағасы 26 доллар, QazVac 9,4 доллар тұрады. Шет елдерден неліктен вакцинаны қымбатқа алып отырсыздар?», - деген еді министрге қойған сұрағында сенатор.

Бұл сауалға министр Алексей Цой елді тезірек вакцинамен қамту үшін осындай келісім жасалғанын айтып түсіндірген.

Ал РФ Федералды кеден қызметі жеті айда Қазақстан 108 млн долларға «Sputnik V» вакцинасын сатып алғанын хабарлайды. Бұл ретте Ресей билігі өз елінің ішінде вакцинаның дозасын 12 долларға сатқанымен, шет елдерге 26 доллардан беріп отыр. Ресейлік вакцинаны импорттаушылардың ішінде Қазақстаннан бөлек, Аргентина, Үндістан, ОАЭ және Мексика қолданып жатыр. Еуропа мемлекеттерінің ішінде Италия, Венгрия, Словакия мен Сербия бар.

Айта кетсек, Қазақстанда бүгінге дейін коронавирусқа қарсы вакцинаның толық компонентін алған адамдардың саны 6,6 млн адамнан асты.