×
522.49
547.88
5.06
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
522.49
547.88
5.06

Кедейі көбейген ел: Қазақстанда кімдердің жәрдемақысы өседі

20.10.2023, 16:24
Кедейі көбейген ел: Қазақстанда кімдердің жәрдемақысы өседі
Коллаж: Ulysmedia.kz

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда мүгедектік және асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдер мөлшері өсетіні белгілі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Премьер-министрі Әлихан Смайылов қол қойған құжатта 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттіліктен және асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша тағайындалған әлеуметтік төлемдерді 7%-ға арттыру көзделген.

Аталған қаражат еңбекке қабілеттілікті жоғалтқан 87 мыңға жуық адамды және асыраушысынан айырылған 59 мың отбасын қамтитыны хабарланды. Бұл мақсаттарға қосымша 5 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалмақ.

Естеріңізге сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстанда халықтың өмір сүру деңгейінің төмендегені ресми түрде расталған

11 қазанда жарияланған зерттеуде Қазақстанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне – 40 600 теңгеге жетпеген үй шаруашылықтарының саны 2023 жылдың екінші тоқсанында 135 200-ден 177 800 отбасыға дейін өскені анықталды. Сондай-ақ табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 55 пайызын құрайтын азық-түлік себетінің құнынан да төмен отбасылар санының да айтарлықтай өскені байқалады. Қазақстанның Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, 2022 жылдан бері кедейлікте өмір сүретін отбасылар саны үш есеге артып, қазір 9400 отбасын құрап отыр.

Ал Бірінші кредиттік бюроның сарапшылары жылда қазақстандықтардың азық-түлікке жұмсайтын шығын өскенімен, ішіп-жемі азайғанын мәлімдеді. Биылғы тоғыз айда  бөлшек саудада 4,24 трлн теңгенің азық-түлігі сатылған. Бұл өткен жылғыдан 10,8% көп. Бірақ бөлшек сауда желілері арқылы сатылатын азық-түлік тауарларының саны 6,4%-ға қысқарған.

Ұлттық банк жариялаған деректерге сүйенсек, қазақстандықтардың 90%-ының жан басына шаққандағы табысы 151 мың теңгеден аспайды.

Сондай-ақ, бұдан бұрын елімізде 355 мыңнан астам бала кедейлік шегінде өмір сүріп жатқаны хабарланған.

Шенеуніктер келер жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшерінің 70 мың теңгеден 85 мың теңгеге артуы нәтижесінде 1,8 млн-ға жуық жалдамалы жұмыскердің ақшалай табысы ұлғаятынына сендіріп отыр.