Қазақ-қырғыз шекарасында тағы да жүк көліктері кептеліп тұр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қырғыз Республикасының МҰҚК Шекара қызметінің мәліметінше, кеше «Ақтілек-автодорожный» өткізу пункті арқылы Қырғызстаннан Қазақстанға жеңіл көлік пен Кант цемент зауыты өнімін тиеген жүк көліктерін есептемегенде 297 жүк көлігі кірген.
Бақылау пунктінің өткізу қабілетін арттыру шараларына қарамастан Қырғызстаннан шығу үшін 410 жүк көлігі кезек күтіп тұрғаны хабарланды.
Қырғыз Шекара қызметіндегілер жүк көліктерінің жиналуы маусымдық жағдай екенін алға тартып отыр. Өйткені Қырғызстанда ауылшаруашылық өнімдері, халық тұтынатын тауарлар экспорты артқан.
"Қырғызстан мен Қазақстанның шекара қызметтері тарапынан жүк көліктері үшін шектеулер жоқ. Барлық өткізу пункттері штаттық режимде жұмыс істейді", - делінген ведомство хабарламасында.
Еске салайық, тамыз айында қазақ-қырғыз шекарасында жүк көліктері бірнеше күн бойы қаңтарылған. Жүргізушілер жүк көліктерінің Қазақстанға кіргізілмеу себебіне қатысты түрлі нұсқа айтты. Олардың бірі бойынша, бұл Қырғызстанның Қазақстанға суармалы су жеткізуді тоқтатуына байланысты. Екінші нұсқа – қазақстандық шекарашылар есірткі тиелген өзбекстандық жүк көлігін іздеді деген болжам.
Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекарадағы жағдайға қатысты түсініктеме беріп, өткізу пунктерінде ешқандай шектеулер енгізілмегенін мәлімдеген.
23 тамызда шекарада қаңтарылған көліктер саны 600-ден асып жығылғаны хабарланған.
Сондай-ақ, 5 қазанда Қырғызстан-Қазақстан шекарасында мыңнан астам жүк көлігі кептеліп қалды.