×
441.66
475.14
4.86
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
441.66
475.14
4.86

Банк бұғауындағы өмір: үкімет халықты несиеге тәуелділіктен қалай құтқармақ

31.10.2023, 17:11
Коллаж: Ulysmedia.kz

Қаржы министрлігі халықтың шамадан тыс қарыз алуын шектеу мақсатында қандай шаралар қабылданып жатқанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ведомство басшысы Ерұлан Жамаубаев айтуынша, республикалық маңызы бар 3 қалада және еліміздің 17 өңірінде халықпен тікелей жұмыс істейтін өңірлік жобалық кеңселер құрылып жатыр. Жобалық офистердің негізгі міндеті – кредиттер бойынша мерзімі өткен берешекті реттеу, қаржылай алаяқтықтан қорғау, азаматтардың банкроттық мәселелерін шешуге, жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу және бизнесті қолдау шараларын ұйымдастыру.

"Әкімдіктер жобалық офистердің жұмысы үшін қажет ғимараттар мен материалдық-техникалық базаларды бөледі. Оған банктер қаржылық жағынан ықпалдасады. Жобаның тағы бір маңызды бағыты – азаматтардың, оқушылар мен студенттердің қаржылық сауаттылығын арттыру. Жалпы халықтың шамадан тыс кредит алуын төмендету кешенді шараларды көздейді", – деді министр.

Жамаубаев кепілсіз онлайн-кредиттеу сегментінде тәуекелдерді азайту мәселелері қарастырылып жатқанын жеткізді.

"Үкімет Қаржылық мониторинг агенттігінің халықтың шамадан тыс кредит алуын төмендетуге бағытталған барлық ұсынысын қолдайды. Аталған проблемаларды шешу тетіктерінің бірі – жеке тұлғалардың банкроттығы мен төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімін қолдану. Қазір тиісті заң нормалары күшіне еніп, жұмыс істеліп жатыр. Оның ішінде неғұрлым сұранысқа ие болып отырғаны – соттан тыс банкроттық рәсімі. Оны тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады", – деді ол.

Айта кетейік, бұдан бұрын Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов банктерден шектеусіз кредит алып, қарызға белшесінен батып отырған азаматтардың саны артқанын мәлімдеген.

Қошанов келтірген мәліметке қарағанда, қазіргі уақытта халықтың 84 пайызында, яғни 8,4  миллионнан астам адамның қарызы бар екен. Соңғы бір жарым жыл ішінде бұл көрсеткіш 27 пайызға өскен. 90 күннен кешіктірілген қарыз көлемі – шамамен 1,4 трлн теңге. Яғни, 1,7 миллион адам қарызын уақытылы төлей алмай отыр деген сөз. Осының бәрі несие проблемасының қаншалықты асқынып кеткенін көрсетеді.

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеханың айтуынша, халықтың қарызға белшеден батуы ауыр зардаптарға әкелуде. Мәселен, биыл несиесін өтей алмаған 12 адам өз-өзіне қол жұмсаған.

Бүгінгі үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов адамдардың қарызға белшеден батуына қаржылық сауатсыздық себеп болып отырғанын айтты. Екі министрлікке халықтың қаржылық сауатын арттыру міндеті жүктелді.

Серіктес жаңалықтары