Оқу-ағарту министрі ата-аналарды мектептегі тамақ сапасын бақылайтын комиссия құрамына қосылуға шақырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОҚК-дегі бүгінгі брифинг барысында ведомство басшысы Ғани Бейсембаев мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамтуға ерекше назар аударылып отырғанын айтты.
«Бұған дейін еліміздегі 9 өңірде ғана оқушылар тегін ыстық тамақпен қамтылған болса, биыл 1 қыркүйектен бастап барлық өңірдегі 1,4 млн бастауыш сынып оқушысы мен 5-11 сыныптар аралығындағы 200 мың әлеуметтік аз қамтылған отбасы балалары мектептерде тегін тамақтанып жатыр», - деді министр.
Бейсембаев мектепте тамақтандырумен айналысатын ұйымнан санэпидемиологиялық қызмет қорытындысы талап етілетінін атап өтті.
«Мектептегі қамқоршылық кеңес, ата-аналар комитеті, мектеп әкімшілігі, медицина қызметкерінің өкілдерінен құралған комиссия қызметі күшейтілді. Қабылданған шаралар тамақтану сапасын жақсартуды ғана емес, тамақтану мәдениетін арттыруды да көздейді. Біз барлық ата-ананы мектептегі тамақ сапасын бақылауға қатысуға шақырамыз. Ол үшін мектептерде арнайы комиссия бар. Қажетті ақпаратты алып, комиссияның мүшесі болуға мүмкіндіктеріңіз бар», - деді ол.
Еске салайық, жуырда Алматы облысы Қарасай ауданындағы ауыл мектептерінің бірінде бастауыш сынып оқушыларына жарамдылық мерзімі 2 жыл бұрын өтіп кеткен йогурт берілгені анықталды. Әлеуметтік желідегі ақпаратқа сүйенсек, балаларға тегін ыстық тамақтан бөлек, 2021 жылы жарамдылық мерзімі өтіп кеткен "Растишка" йогурты берілген.
Мектеп басшылығы өнім жеткізушіні өзгерту және келісімшартты бұзу туралы шешім қабылданғанын, іс сотқа жіберілетінін хабарлады. Жеткізушінің өзі көтерме базардан өнім алған кезде жарамдылығы өтіп кеткен өнімдерді байқамай қалғанын айтып ақталды.
Алматы облысы полиция департаментінің мәліметінше, осы дерекке қатысты ҚР ҚК 306-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Сондай-ақ, жуырда Павлодардағы мектептің асханасында балаларға берілген ботқадан құрт шыққаны жайлы ақпарат тарады. Тағам ішіндегі жәндіктің фотосы таратқан желі қолданушылары оқушылардың денсаулығына немқұрайлы қарағандарды қатаң жазалауды талап етті. Алайда М.Әуезов атындағы орта мектептің директоры сөгіспен құтылғаны белгілі болды.