Ақтөбе облысында жазғы лагерьлердің, интернаттық мекемелердің, сондай-ақ өңірдің медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметіне жүргізілген тексерулердің қорытындысы жарияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Облыстық прокуратура мәліметінше, санитариялық-эпидемиологиялық, өрт, медициналық қауіпсіздік, жер, сәулет-құрылыс, сондай-ақ бюджет заңнамасы саласындағы 450-ден астам заң бұзушылық анықталды.
"120 тұлға жауапқа тартылды, олардың ішінде 25 лауазымды тұлға тәртіптік жауапқа, мемлекеттік қызметке беделін түсіретін негіздер бойынша 3 қызметкер, әкімшілік жауапқа 95-і тартылды. 13,5 млн теңгенің мемлекеттік сатып алу туралы келісімдері бұзылды", - делінген хабарламада.
Тексеру қорытындысы бойынша уәкілетті органдарға заң бұзушылықтардың алдын алу туралы нақты тапсырмалар берілді.
Айта кетейік, шілдеде Алматы маңындағы лагерге жіберілген оқушылардың сауна аумағына орналастырылғаны анықталған еді. Қала әкімдігі қызмет көрсетуші компанияны сотқа беретінін мәлім етті.
Сондай-ақ, Ақмолада лагерлер аумағынан ішімдік бөтелкелері, темекі бумалары және қару табылғаны хабарланған.
Ал Алматы облысында 22 балалар лагерінің 8-і өз қызметін уәкілетті органдардың рұқсатынсыз, санитарлық-эпидемиологиялық және өртке қарсы ережелерді бұзу арқылы жүзеге асырғаны белгілі болды.
Денсаулық сақтау вице-министрі - бас санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова балалар лагерлерінде санитарлық бұзушылықтар неге жиі анықталатынын және бейінді министрлік неге оны қадағаламайтынын түсіндірген.