ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров Газадағы отбасы мүшелері өзге елдің азаматы болып табылатын қазақстандықтардың жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оның айтуынша, жағдай өте күрделі. Мұндай отбасылардағы кәмелетке толмаған балаларды ғана Палестинадан шығаруға рұқсат етіледі.
"Кейбірінің отбасы мүшелері – Палестина азаматтары. Егер бұл кәмелетке толмаған балалар болса, БҰҰ конвенциясы қолданылады, біз отбасының бөлінбеуіне көмектесеміз. Егер кәмелетке толған балалар болса, онда Мысыр тарапынан кедергілер туындайды. Біз Қазақстан азаматтарын алып шығуды сұраймыз, ал іс жүзінде басқа ел азаматтарының құжаттарын ұсынамыз – сондықтан кейбір отбасы мүшелері эвакуацияланбайды, – деп түсіндірді Смадияров.
СІМ ресми өкілі Қазақстанның Газадағы көптеген азаматтары қазір күрделі таңдау алдында тұрғанын айтты.
"Туыстары абдырап қалды. Олар не істеу керектігін, не бөлініп кетуді, не Газада қалу керегін білмей дал. Жағдай қиын және күрделі", – деді ол.
Еске сала кетейік, 7 қазанда палестиналық ХАМАС қозғалысы Израильге қарсы шабуыл жасады. Газа секторынан Израильге қарай мыңдаған зымыран атылып, қарулы топтар Израиль елді мекендеріне кірді. Бұған жауап ретінде Израиль армиясы ондаған жойғыш ұшақты пайдаланып, Газа секторында Хамасқа қарсы «Темір қылыштар» операциясын бастағанын хабарлады.
Қазақстан ХАМАС-тың израильдік бейбіт тұрғындарға шабуылын және шетел азаматтарын кепілге алуын айыптады. Сондай-ақ, еліміз Израильді Газа секторында көптеген бейбіт тұрғындардың қаза болуына және азаматтық инфрақұрылымның жойылуына әкеліп соғатын пропорционалды емес күш қолданудан бас тартуға шақырды.
Сондай-ақ, Қазақстан 120 елмен бірге Таяу Шығыста тез арада атысты тоқтатуды талап ететін қарарды қолдады. Көпшілік дауыспен БҰҰ Бас ассамблеясы бір топ араб елдері ұсынған Израиль мен Хамас арасында Газа секторындағы атысты тоқтатуды талап ететін қарарды мақұлдады. Бұл қарарға 120 ел дауыс берді, Израиль мен АҚШ-ты қосқанда 14 ел қарсы болды. Тағы 45 ел, оның ішінде Украина да қалыс қалды.
Бұдан бұрын Газа секторында Қазақстан азаматы қаза тапқаны хабарланған.
6 қарашада өткен брифингте ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров қақтығыс аймағында Қазақстанның 76 азаматы, отбасы мүшелерімен бірге санағанда 161 адам барын мәлімдеді.