×
443.37
474.49
4.83
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.37
474.49
4.83

Қайрат Сатыбалдының ұлына тиесілі «Байсат» базарының бөлігі мемлекетке қайтарылды

23.01.2024, 15:15
Коллаж: ulysmedia.kz.

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының «Алматы жылу» холдинг кешенінің (қазіргі «Байсат» базары) мүлкімен жасалған барлық мәмілені жарамсыз деп тану туралы шешімі заңды күшіне енді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бас прокуратура не дейді

Сотта кешеннің заңсыз сатылғаны расталған. Сатылған кезде қызмет бейінін сақтау және иеліктен шығаруға тыйым салу туралы шарт талаптарын сақталмаған. Міндетті сату шартынсыз 4 жыл бұрынғы мүлікті бағалау туралы өзексіз есеп көрсетілген.

Жалпы ауданы 4 221,4 м2 3 объектіден және 1,4 га жерден тұратын мүлік Бауыржан Нұрсұлтанға (Қайрат Сатыбалды ұлы) тиесілі "ҚазГерСтрой бірлескен кәсіпорны" ЖШС және "Astana Finansial Group" ЖШС өзара үлестес компанияларының меншігінде болған. Бұған дейін сотқа дейінгі тергеу аясында Қайрат Сатыбалды "Байсат" базарының басым бөлігін өз еркімен қайтарып берген болатын.

Бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Арман Тілеукенов Қайрат Сатыбалдыұлына байланысты агенттік қылмыстық жолмен алынған активтерді жылыстату фактісі бойынша қылмыстық кодекстің 218-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталып, сотқа жіберілгенін хабарлаған еді.

Қайрат Сатыбалдының әйелдері мен балалары

Бұрынғы президенттің жиенінің бұған дейін сотталған әйелінің есімі Гүлмира Сатыбалды. Одан ұлы Бауыржан Нұрсұлтан (1991 жылы туған), қызы Аружан Сатыбалды (1999 жылы туған), Дария Сатыбалды (2002 жылы туған) балалары бары белгілі.

Мұсылман некесімен алған Әсел, Саида, Асылжан және Ангела есімді әйелдерінен сегіз баласы бар.

Сатыбалды не үшін сотталды?

Естеріңізге сала кетейік, Қайрат Сатыбалды 2022 жылдың наурыз айында «Қазақтелеком» АҚ-ның лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды және қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырды деген күдікпен ұсталған болатын.

Әу баста тұңғыш президенттің жиенін тұтқындау кезінде оның басқа қылмыстарға да қатысы болуы мүмкін екені айтылған-ды. Антикор сотқа дейінгі тергеуді былтыр тамыз айында аяқтады. Ведомство өкілдері «тергеу барысында мемлекетке жалпы сомасы 240 миллиард теңгеден асатын немесе 500 миллион АҚШ долларынан асатын заңсыз сатып алынған активтер мен ақшалай қаражат қайтарылды», деп мәлімдеді.

Бұдан бөлек, Сатыбалды «салықтар мен кедендік төлемдерден жалтару, қылмыстық кірістерді заңдастыру фактілері бойынша» қосымша тергеліп жатқаны хабарланды.

Ал 2022 жылдың қыркүйегінде Астанадағы Байқоңыр ауданының соты үкімді жариялады. Қайрат Сатыбалды қылмыстық істің тағы төрт фигуранты – ОКҚ директорлар кеңесінің төрағасы Марат Мұхамеджанұлымен, ОКҚ президенті Гайни Бекетовпен, «Қазақтелеком»АҚ корпоративтік бизнес директоры Леонид Муравьевпен және спортшы Шыңғыс Қонарбаевпен бірге екі компанияға – «Қазақтелеком» АҚ және «Көлік қызмет көрсету орталығы» АҚ-ға ұрлық жасады және мүліктік зиян келтірді деген айыппен кінәлі деп танылды.

Сот сотталушыларға «Көлік қызмет көрсету орталығы» компаниясынан 28 миллиард теңгеден астам қаражат ұрлады және «Қазақтелеком» компаниясына 12 миллиард теңгеден астам мөлшерінде материалдық залал келтірді деген айыпты дәлелдеді.

Сатыбалды алты жылға бас бостандығынан айырылды, мүлкі тәркіленді. Президентке оның мемлекеттік наградалары мен ҰҚК генерал-майоры атағынан айыру туралы ұсынылды. Сондай-ақ 10 жыл бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға тыйым салынды. Бұл істің қалған қатысушылары шартты мерзімге сотталды. Бекетов пен Мұхамеджанұлы 6 жыл, Муравьев пен Қонарбаев 2,5 жыл «арқалады».

Серіктес жаңалықтары