×
442.05
474.14
4.74
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
442.05
474.14
4.74

Ол менен 12 рет кетіп қалды – Бишімбаевтың жауаптарынан

01.04.2024, 19:02
Коллаж: ulysmedia.kz.

Әйелін аса қатігездікпен ұрып өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаев бүгін сотта түстен кейін де ұзақ сөйледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бишімбаев сотта Салтанат Нүкенованың сүйіктісі болғанын айтады. Оның сөзінше, Нүкенованың бір кездері "Қазақстандағы танымал Райымбек есімді кәсіпкерге көңілдес” болған. 

– Соны естіген кезде мен есеңгіреп қалдым, ол өзінен 20 жас үлкен, төрт баласы бар, елдегі танымал адам еді, - дейді Бишімбаев.

Жәбірленушілердің адвокаттары Бишімбаев қаза болған Салтанат Нүкенованың осы сөздері абыройына кір келтіруге  тырысып жатыр деп наразылық білдірген. Алайда Бишімбаев әңгімесін жалғастыра берді.

Бишімбаев сот барысында Нүкеновамен бірге түскен эротикалық бейнероликтер барын растады. Мұнысын былай түсіндіреді: белгісіз біреулер оған Telegram-дағы анонимді нөмірден Салтанат қатысқан бейнеге сілтеме келген-мыс.

– Мен есеңгірей қарадым. Эротикалық бейнені көрдім. Оған (Салтанатқа) өте ұқсас қыз болды, бірақ беті көрінбейді, бірақ өте ұқсас. Мен оған көрсеттім де, "кешір, бірақ маған неге мұндай видеолар жіберіледі? Маған түсіндір, бұл сен бе, жоқ па?" деп сұрадым, – дейді Бишімбаев.

Бишімбаев сондай-ақ Салтанаттың “агрессивті, қызғаншақ әрі ашушаң” болғанын айтады. 

– Мен оның барлық тілегін орындадым. Алақанымда аяладым, ол үйдегі шаруаларға мүлде бас қатырмайтын. Салтанаттан оны талап етпедім де. Ол күлімсіресе екен деп, қолымнан келгеннің бәрін жасадым.

Бірақ ол талпынысым бір аптаға ғана созылатын. Бір апта қалыпты өмір сүреміз, әр он күн сайын оның жүйкесі жұқарпы шыға келеді. Телефон тұтқасын көтермей қойсам болды - қызғанатын, — деді экс-министр.

Бишімбаев бұдан кейін тіпті Салтанаттың “әкесінің психикалық ауруы болғанын” айтып салды. Жәбірленуші тарап мұнысына қарсы шықты.

– Бірақ бұл Салтанаттың мінез-құлқы неге сондай болғанын түсіндіреді, - дейді Бишімбаев.

Судья айыптау актісінде әкесі туралы ондай еш мәлімет жоқтығын мәлімдеді. Бірақ Бишімбаев бұл тақырыпты жалғастыра берді. Осы кезде Нүкеновтер тарапы Амангелді Нүкеновтің ешқандай психикалық ауытқушылығы жоқ екендігі жөнінде анықтаманы іске қосуды сұрады. Судья келісті.

Қуандық Бишімбаевтың айтуынша, екеуі бірге өмір сүре бастағаннан кейін біраз уақыттан соң Салтанат оны қорлап, үйдегі ыдыс-аяқты сындырып, "тіпті Бишімбаевтың өзіне де қол жұмсай бастаған". Сол кезде Бишімбаев алғаш рет оған қолы тигенін айтады.

– 20 наурыз – мереке алдындағы күн, менің көптеген серіктесім демалыста. Күні бойы кездесу болды, түнге дейін созылды. Жәбірленуші оны үйде болған деп мәлімдейді. Мұнда көрсетілген фотосуретте... Біз білмейміз, мүмкін ол өңделген шығар. 20 наурызда ешқандай жарақат болған жоқ, - дейді Бишімбаев.

Бишімбаев оның қоңырауларына ондаған рет жауап бермегеннен кейін, ол бұрынғы министрдің айтуынша, Салтанат ашуланып, кетіп қалған. Ал оның ағасы Қуандыққа "пышақпен келіп, оған шабуыл жасаған".

– 9 қарашаны санамағанда (Салтанаттың қайтыс болған күні), мұндай жайт екі рет 20 қазан және 9 наурызда болды, - деді Бишімбаев "қанша рет Салтанатпен төбелесіп, қол көтердіңіз?" деген өз авдокаттарының сұрағына.

Экс-министр екі жағдайда да жанжалды оның әйелі "бастағанын" атап өтеді.

– Ол тап беріп, жұдырықтасып, аяғы сермеп, толық төбелесе бастады. Әйел ер адамды осылай ұрып-соғып, оны қорлай алады екен дегенді ешқашан көрген емеспін, - деп қосты ол.

Бишімбаевтың айтуынша, Салтанат одан 12 рет кетіп қалған.

Бишімбаевтың ісі

Еске сала кетейік, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау 11 наурызда басталды.  Прокурор экс-министр ісінің мән-жайын айтып берді.

Ал Бишімбаев тағылған айыпты мойындамай, ашық сот өткізуді сұрайды. Оған "қинау" (110-баптың 2-бөлігі) және "аса қатігездікпен адам өлтіру" (99-баптың 2-бөлігі) баптарымен айып тағылған. Бұған қоса, Астанадағы "Гастро-орталық" директоры, Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты іс бойынша "қылмысты жасырды" деген күдікпен сотқа тартылып жатыр.

12 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау жалғасты. Бұл жолы да журналистер сот залына кіре алған жоқ. БАҚ тарапының базынасын сот қызметкерлері тыңдаған болғанымен, ешбір журналист сот залына кіре алмаған. Тіпті тілшілер полиция шақырып, сот әкімшілігі ақпарат алу құқығынан айырып отырғаны жөнінде арыз жазуына тура келген.

Алдын ала тыңдаудан кейінгі соттарға журналистер кіруге мүмкіндік алды. Сот барысы Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотының ресми сайтынан тікелей эфирден көрсетіледі.

Серіктес жаңалықтары