15 фура гуманитарлық көмек Жамбыл облысына келіп жетті. Азық-түлік, киім-кешек, төсек-орын жабдықтары, жылытқыштар және т.б. түріндегі гуманитарлық жүк Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарының тұрғындарына жіберілетін болады, деп жазады Ulysmedia.kz.
Бұған дейін Қырғыз Республикасы мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қырғызстан төтенше жағдайлар министрлігі азық-түлік түріндегі гуманитарлық жүкті жақын арада Қазақстанға жіберетін айтқан еді.
«Бішкек жылу электр орталығында болған апаттан кейін Қазақстан Қырғызстанға біз сұрамасақ та көмек қолын созды. Осы сәтті пайдалана отырып, Өзбекстанға, Түркіменстанға және Қазақстанға бізге көрсеткен көмегі үшін алғысымды білдіргім келеді. Қырғыз Республикасы Президентінің көршілес елдермен жүргізген саясатының нәтижесінде олар бізге көмек сұрағанға дейін де көмек көрсетті.
Сондай-ақ бізден де сұралмағанымен, бауырлас халыққа гуманитарлық көмек жібереміз. 8 сәуірде Қазақстан Премьер-министрі Қырғызстанға келеді. Кездесуде тағы қандай көмек көрсету керектігін талқылаймыз», деген еді Қырғызстан Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров.
Гуманитарлық көмектің құны – 40 миллион қырғыз сомы. Сыртына «Қырғыз елінен бауырлас қазақ еліне жәрдем» деп жазылған жүк тиеген ондаған көлік Қырғызстаннан 6-күні таңғы 4:00 де шыққан болатын.