Атырау облысында Жайық өзенінің суы тағы да көтеріліп, Индербор кентінде шекті деңгейден 114 сантиметрге асып кеткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Атырау облысының жедел штабының мәліметінше, су деңгейі +37 сантиметрге көтерілген.
Жайық өзеніндегі су деңгейінің бір тәулікте Индер ауданының орталығы – Индербор кентінде + 37 сантиметрге көтерілді. Бүгінгі су деңгейі – 959 см. Бұл шекті деңгейден +114 сантиметрге көп, – деп хабарлады облыстық жедел штабтан.
Махамбет ауданында да өзен арнасы кеше таңертеңнен бері +15 сантиметрге көбейген. Бүгін таңертеңгі сағат 08:00-де Жайықтың суы Махамбет ауылының тұсында 893 сантиметрге жетті.
Мұнда шекті деңгей – 850 см.
Сондай-ақ Атыраудағы гидробекетте су деңгейі 515 сантиметрді көрсетіп тұр. Қала аумағындағы қауіпті шек 550 см деңгейінде белгіленген.
Бүгін Жайық өзенінің суы Атырау маңындағы Жаңаталап ауылында 368, Еркінқала елді мекенінде 328 сантиметр болып тұр.
Атырау облысындағы су тасқыны
Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев хабарлағандай, Құлсарыда сорылған судың жалпы көлемі 4,3 млн текше метрден асады. 2 900 үйден су толығымен сорылған. Болашақ шағын ауданындағы 20 үй су астында қалған, оның 10-ы қоныстанбаған.
Тағы 30 тұрғын үй электр қуатына қосылған. Атырау шағын ауданында көпқабатты тұрғын үйлерге тоқ беру жұмыстары жүргізілуде.
Индербор ауылында су деңгейі қауіпті көрсеткіштен 87 см-ге асады. Қазіргі деңгейі 927 см. Махамбет кентінде – 880 см-ге, қауіпиі деңгейден 30 см-ге, Атырауда-507 см-ге 550 см-ге асады.
Ұзындығы 522 км, орташа биіктігі 2-ден 4,5 м-ге дейін жағалауды нығайтатын бөгеттерді салу бойынша жұмыстар жүргізілді.
Құлсарыдағы наразылық
2 мамыр күні кешке Құлсарының Ulysmedia.kz редакциясына хабарласқан тұрғындары әкімдік ғимараты алдында жиналып тұрғанын, қажет болса шатыр тігіп сонда түнеуге дайын екенін жеткізген. Олар өз үндеуін президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдады.
– Біздер топан судан зардап шеккен халық. Маңдай терімен, адал еңбегімен салған үйінің әділетті бағасы есептеліп, ақшаны қолымызға алғымыз келеді. Үйлерімізге әр шаршы метріне 400 000 теңгеден ақы төленіп, сол ақыны қолымызға алғымыз келеді, - дейді видеожазбадағы азамат.
“Және тағы бір реттік берілген 100 АЕК көлеміндегі көмекті осы халықтың мәселесі шешілгенге беруіңізді сұраймыз” дейді азаматтар.
Сондай-ақ шаршы метріне 400 мың теңге деген ұсыныс мәжіліс депутаты Әділ Жұбановтың ұсынысы екенін айтып, жиналғандар бір ауыздан “қолдаймыз” деп дауыстады.
Құлсарыдағы ахуал
Еске сала кетейік, су тасқыны кезінде қатты зардап шеккен өңірлердің бірі осы Құлсары қаласы. Атырау облысының Құлсары қаласында 300-ден астам жеке тұрғын үй су астында қалған. Су тасыған кезде бірнеше кісінің өлімі тіркелді.