×
494.87
520.65
4.91
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
494.87
520.65
4.91

"Бір жыл жалақы бермеді": "Қазақфильмде" не болып жатыр?

17.07.2024, 11:24
"Бір жыл жалақы бермеді": "Қазақфильмде" не болып жатыр?
Коллаж: Ulysmedia

Бір жыл бойы жалақысын ала алмаған анимациялық фильм мамандары наразылыққа шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“КҮЗЕТШІЛЕР САТЫБАЛДЫҒА КІРГІЗБЕДІ”

Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясының алдына жиылған журналистер мен аниматорлар Азамат Сатыбалдыдан кабинетінен шығып көзбе-көз сөйлесуді, болып жатқан жағдайларға киностудия басшысы ретінде түсінік беруді талап еткен.

“Бірақ "Қазақфильм" басшысы кабинетіне тығылып алып, шықпай қойды. Шықпай қойған соң журналистер әупірімдеп ішке өтті. Онда оларды вице-президент Айдар Омаров қарсы алып, түлкібұлаңға салып бақты. Ол аздай, Айдар Омаров журналистерге өзінің мемлекеттік тілде сөйлемейтінін мәлім етті. киностудияның қауіпсіздік қызметін пайдаланды. Осылайша олар тас қорған бекініс жасап, кабинетінде тығылып отырған бастықтарына журналистерді өткізбеді”, – деді қазақ анимация шығармашылығының редакторы Ерлан Төлеутай. 

“МЫНА БАЛА ҚАЙТЕДІ-ЕЙ...”

Оның сөзінше, “Қазақфильмнің" қазіргі басшысы Азамат Сатыбалдыны осыдан бір жылдай бұрын экс-министр А.Оралов киногерлер қауымға ескертпестен, Киногерлер Одағымен ақылдаспастан тағайындап кеткен. 

“Сол күні мен ПЛК ғимаратынан Бас корпусқа келе жатыр едім, екі қымбат көлік қатар-қатар, кілт тоқтай қалып, бірінің ішінен министр, бірінен Азамат ақтарыла түсе-түсе қалғаны. Ораловты бірінші рет көруім – өркекіректеу, өзінен жасы үлкенге ізет-құрметі жоқ екендігі, тым құрамаса жылыұшырай білмейтіндігі – ерін жыбырлатқан фанерщиктей салқын сәлемінен сезілді. Енді қайтсін,танауы көкте бала министр шала сәлем бере өте берді. Өз өмірімде небір министрді көрген, жеке қабылдаулары өз алдына – өнер иесі ретінде қадіріме жетіп, ізет, құрметтерін көрген мен "Мына бала қайтеді-ей" – деп іркіле бере Азаматқа амандастым. Азаматты жас кезінен жақсы білемін, талай тарихи фильмдерле көз алдымда роль ойнап, "Ерлан ағалап" жазып берген сөзімді жедел жаттап жүрген елгезек актер-тұғын”, – деп жазады ол.

ОТЫЗДАН АСТАМ АДАМДЫ ЖҰМЫСТАН ШЫҒАРДЫ

Төлеутай осы жағдайдан секем алса да, топпен бірге "Қазақфильм” киностудиясының конференц залына кіргенін, сол жерде жаңа басшының “жақсы адам болу мамандық емес” дегенін айтады. 

“Сол Азамат сол баспағаннан әлі жер баспай келеді. Ақылға келер емес, қайта үдеп барады. Түтеп барады қырып жойып. Аз уақыттың ішінде ұлттық киноның қарашаңырағы – "Қазақфильмнің" уығы мен керегесі іспетті білгір һәм ділгір маманның қаншамасының көзін жойған. Айғағындай, отыздан астам киномаманды жұмыстан шығарған. Оның орнына мұрнына киноөндірісінің исі бармайтындарды алған және бұлар өздерінің тамыр-таныстары деседі. Бір қызығы – болып жатқан бұл сұмдықтардан Министрлік хабардар боп отырды. Әр нәрсенің шегі бар ғой, Министрлік бұл бассыздықтарға шара қолданатын шығар деп үміттендік. Шара қолданар болмады, Азамат пен оның атқамінерлері ойына келгендерін жасай беруін жалғастыра берді”, – дейді Төлеутай.

Бұл айсбергтің беті ғана, су астындағы бөлігі тіпті сұмдық дейді ол.