Әңгіме "Қазақстан халқына" қорының гранттары жайында. Жоғары білім грантын 792 талапкер иеленген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы қоғамдық бірлестіктің баспасөз қызметі хабарлады.
"11 қыркүйекте "Қазақстан халқына" ҚҚ басқармасы білім беру гранттарын беру үшін 2024 жылғы талапкерлердің тізімін бекітті",-делінген баспасөз хабарламасында.
Биыл Қайырымдылық бағдарламасы аясында 850 грант бөлу үшін 93 жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі оқу орындары іріктелгені түсіндіріледі. Олардың қабылдау комиссиялары 1-17 тамыз аралығында бағдарламаға қатысу үшін талапкерлерден өтінімдер қабылдады.
Құжаттарды критерийлерге сәйкестігін тексеру қорытындысы бойынша 792 талапкердің түпкілікті тізімі жасақталды. Олар бірнеше санатқа бөлінді.
Мәселен, 2022 жылғы қаңтардағы оқиғалар кезінде қаза тапқан азаматтардың балалары – 3 талапкер (0,4%), жетім балалар немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 168 талапкер (21,2%), ауылдық жерлердегі, шағын және моноқалалардағы аз қамтылған отбасылардан шыққан талапкерлер – 149 талапкер (18,7%), мүгедектігі бар адамдар – 177 талапкер (22,4%), мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан адамдар - 295 талапкер (37,3%).
Қордың білім беру гранты өтеусіз, жазғы демалыс кезеңін қоспағанда, күндізгі оқу кезеңінде "бакалавр" дәрежесін бере отырып, жылына 1 миллион теңгеге дейінгі мөлшердегі жоғары білім ақысын, сондай-ақ жылдың 10 айы ішінде 40 мың теңге мөлшеріндегі ай сайынғы стипендияны жабады.
2022 жылы Қайырымдылық бағдарламасы іске қосылғаннан бері 3 мың 117 студент қолдау алды, оның 517-сі оқуды сәтті аяқтаған. Осы уақыт ішінде қор студенттердің оқу ақысы мен стипендиясына 4,8 миллиард теңге бөлген.