×
481.84
531.33
5.07
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
481.84
531.33
5.07

«Олигархтардың меншігі ғой»: Дубайда үйі бар бай-бағлан қазақтар жайлы Парламентте айтылды

17.09.2024, 16:08
«Олигархтардың меншігі ғой»: Дубайда үйі бар бай-бағлан қазақтар жайлы Парламентте айтылды
Коллаж: ulysmedia.kz.

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Парламентте Дубайда қымбат пәтер сатып алған қазақстандықтар жөнінде сөз қозғады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЗАЙЫТОВТЫҢ СЫНЫ

– Сұрағымнан бұрын өтініш дейсіздер ме, ескерту дейсіздер ме?! Қабыл алыңыздар! Президент ассамблеясының сессиясында ғана “әркімнің патриоттық деңгейі мемлекеттік тілге деген құрметімен өлшенеді” деген. Бәлкім, Евгений Кочестовқа, Роман Склярға, тіпті Ринат Зайытовқа да кешірілетін шығар. Бірақ атасының аты Әміре, өзінің аты Азамат, атасының аты Біржан, өзінің аты Ержан деген азаматтарға мына жерге келіп, шүлдірлеп тұрған жарамайды. Содан кейін екі сөйлем қазақ тілінде айтып, өтірік мүсіркеп біздің мемлекеттік тілді қорламауыңызды сұраймын, – дейді Ринат Зайытов.

Бұл – Зайытовтың негізгі сұрағы алдындағы ескертуі еді. 

– Өткенде көрген шығарсыздар: біздің үш мыңға жуық қазақтың Дубайда үйі бары анықталды. Пәтер құнының ең кемі – 500 млн теңгенің айналасы. Осы шетелдегі жылжымайтын мүлкі бар адамдарға неге салық қарастырылмаған? Неге оларға салық салынбайды? Сол кезде біз олардың табысын жасыруына бөгет болар едік.  

Екіншіден, зейнетақы табыс салығы деген бар? 10 пайыз! Бұл өз басым таза алдау деп ойлаймын. Зейнетақы табыс емес – ол жинақ. Жинаған ақшадан табысын ол әрбір айлығында төлеп тастаған. Сіздер бір жерде екі есе салық алып отырсыздар! Осыны шештіңіздер ме? – деп сұрады Зайытов.

БІРЖАНОВТЫҢ ЖАУАБЫ

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов қазақ тілінде де еркін сөйлей алатынын, алайда салық кодексінің кейбір терминдеріне байланысты орысша сөйлегенін айтады.

– Мен осы кодексті талай рет алдарыңызда ұсындым. Айттым. Басқа елдерден біз неге салық алмаймыз деп сұрап отырсыз. Біріншіден, мүліктің пайда болуы, заңды ма, заңсыз ба – қазір Бас прокуратура шеңберінде комитет пайдаланады деп ойлаймын (Азаттыққа жарияланған мәліметтерді болса керек – авт.) Ол олигархтардың меншіктері ғой. Қылмыстық жолмен табылған мүлік болуы мүмкін. Оны құқық қорғау органдары тексереді. Мүлік қай жерде орналасқан – сол жер салықты өндіріп алады. Бізден Дубай азаматы пәтер сатып алса, салығын Дубай билігі сұрамайды ғой. Оның салығын біз сұрап аламыз. Салық тұрғылықты жерден өндіріп алады. Ауылда үйіңіз болса, салық сол ауданның бюджетіне түседі. Сондықтан бұл сұрақ қаралған жоқ, – дейді вице-министр.

Біржанов зейнетақы төлемдерінен салықты ұстап қалу мәселесі жан-жақты қаралып, жаңа салық кодексі шеңберінде мәселе шешілгенін айтады. “Бұл түпкілікті шешілген сұрақ” дейді Біржанов.

АЗАТТЫҚТЫҢ ЗЕРТТЕУІ

Жақында Азаттық радиосы Дубайдағы қазақстандықтардың мүліктері жөнінде зерттеу материал жариялаған еді. Еуроодақ сарапшыларының 2022 жылғы есебіне сәйкес, Қазақстанның 1550 азаматы Дубайда жалпы құны 1 млрд доллардан (450 млрд теңгеден) асатын 2700-ге жуық жылжымайтын мүлікке иелік еткен. Осы тізімнен Қазақстанда қазір не бұрын лауазымды қызмет атқарғандардың және олардың туыстарының мүліктерін теріп шықты. Алты бөлімнен тұратын зерттеудің біріншісі мұнай-газ саласында жұмыс істегендерге арналған.