×
$
452.12
€
508.95
₽
5.41
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
452.12
€
508.95
₽
5.41

Трамп Ресейге қарсы «қатаң санкциялар» енгізуді кейінге қалдырды

Бүгін, 11:56
Трамп Ресейге қарсы «қатаң санкциялар» енгізуді кейінге қалдырды
Ulysmedia.kz коллажы

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейге және ресейлік мұнай мен газды сатып алатын елдерге қарсы жаңа ауқымды санкциялар енгізуді әзірге кейінге қалдыруды ұйғарды. Ол 16 қазанда, заңда белгіленген мерзімнің аяқталуына небәрі екі күн қалғанда, тиісті жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қандай шектеулер кейінге қалдырылды?

Трамп қыркүйектің аяғында қол қойған заңға сәйкес, АҚШ 18 қазанға дейін қосымша кедендік баж салығын енгізуге тиіс болған.

Атап айтқанда, Ресейден әкелінетін тауарларға 500 пайызға дейін, ал ресейлік мұнай мен газды ең көп сатып алатын әрі Мәскеуге санкцияларды айналып өтуге белсенді көмектесіп жүрген бес елдің өнімдеріне 100 пайыз баж салығын салу көзделген.

Алайда заңда АҚШ мүддесіне сай келген жағдайда президенттің бұл шараларды уақытша тоқтата тұруына мүмкіндік берілген.

Трамп осы құқығын пайдаланып, қабылдаған шешімі туралы Конгреске хабарлаған.

Енді президент пен оның әкімшілігі санкцияларды енгізу қажет деп тапқанға дейін жаңа шектеулер күшіне енбейді.

Дегенмен Ресейге қарсы бұрыннан қолданылып келе жатқан санкциялар өз күшінде қалады.

АҚШ Ресеймен дизель отыны бойынша келісімге келді

Бұл – Вашингтонның кейінгі уақытта Мәскеуге қатысты санкциялық қысымды жеңілдетуге бағытталған алғашқы шешімі емес.

9 қазанда Трамп Ресейдің дизель отынын АҚШ-қа және өзге нарықтарға жеткізуге мүмкіндік беретін келісім жасалғанын мәлімдеді.

АҚШ Қаржы министрлігі бұған дейін санкциялар аясында тыйым салынған операцияларды жүргізуге рұқсат берді. Тиісті лицензия 2027 жылдың 7 сәуіріне дейін жарамды.

Ал Ресей өз кезегінде дизель отынын экспорттауға қойылған шектеулерді мерзімінен бұрын алып тастады.

Axios басылымының дереккөздеріне сүйеніп хабарлауынша, Трамп Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына шабуылды тоқтату туралы өтінішін орындамағаннан кейін осындай келісімге барған.

Зеленский Ресей Украинадағы энергетикалық нысандарға соққы жасауды тоқтатса, өз тарапы да ресейлік мұнай өңдеу зауыттарына шабуылды доғаруға дайын екенін ұсынған.

Алайда басылым мәліметінше, Трамп екі тарапқа қойылған бұл шарттарды тең дәрежелі деп есептемеген.

Украина президенті Ресеймен жасалған келісімді сынға алып, оны «соғысқа салынған инвестиция» деп атады. Сондай-ақ, АҚШ-ты атысты тоқтатуға қол жеткізу үшін Ресейге қысымды күшейтуге шақырды.

Трамптың бұл шешімі америкалық заң шығарушылардың да сынына ұшырады.

Еске салайық, бұған дейін АҚШ Конгресіне Ресеймен дизель отыны бойынша жасалған келісімге қарсы заң жобасы енгізілген.