Шымкенттегі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті басшылығындағы бірқатар азамат пара алды деген күдікке ілініп, 2 айға қамауға алынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сот М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің басқарма төрағасы – ректоры Қайрат Нұрманбетовке, университеттің қаржы басқармасының басшысы Айгүл Сәрсенбаева мен оның күйеуі Б.Төлебековке, сондай-ақ пара беруші – «Галамстрой Групп» ЖШС директоры Ұлан Байтиковке қатысты 2 ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған.
Апелляциялық сот шешімді күшінде қалдырған.
ЖОО ТҮСІНІК БЕРМЕДІ
Ал Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры Қайрат Нұрманбетов пен оның екі орынбасарының ұсталғаны туралы ақпаратқа қатысты түсінік беруден бас тартты.
Ulysmedia университеттің әлеуметтік-тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Ғани Бесбаевқа хабарласқанымен, ол университетте болған оқиғаға қатысты әзірге түсініктеме бере алмайтынын айтты.
«Қазір біз ешқандай пікір бере алмаймыз. Тиісті органдарға хабарласуыңызды сұраймыз», – деді ол.
Еске сала кетсек, Шымкенттегі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры 28,5 миллион теңге пара алды деген күдікке ілініп, қамауға алынғанын жазғанбыз.