×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Бүгін – педагог, жазушы Спандияр Көбеевтің туған күні

Бүгін – педагог, жазушы Спандияр Көбеевтің туған күні
Фото: ашық дереккөз

Бүгін (1878-1956) педагог, жазушы, аудармашы Спандияр Көбеев дүниеге келген күн, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ол Қостанай облысында туған. Ы.Алтынсарин ашқан ауылдық орыс-қазақ мектебінде сауат ашып, 1901 жылы Қостанайдағы мұғалімдер даярлайтын курсты бітірген.

Ұзақ жылдар бойы ұстаздықпен айналысып, жас ұрпақты оқыту, тәрбиелеу ісімен шұғылданған. Өзінің 50 жылдық ұстаздық іс-тәжірибесін «Орындалған арман» атты мемуарлық әдеби еңбегінде баяндады. Ол ұстаздық жұмысты жазушылық қызметпен тығыз байланыстыра жүргізді. Орыс жазушыларының тәлімдік шығармаларын қазақ тіліне аударып, «Үлгілі тәржіме» (көпшілігі И.Крыловтың мысал өлеңдері) деген атпен жеке кітап етіп шығарды. 1912 жылы «Үлгілі бала» атты екінші оқу құралын (хрестоматия) жариялады. Оған өзі аударған Крыловтың мысалдарымен бірге қазақ ауыз әдебиеті үлгілерінің озық нұсқаларын (аңыз, әңгіме, ертегі, мақал-мәтелдер) енгізді. Сонымен бірге, бұл хрестоматияға қазақ балаларына табиғаттың түрлі құбылыстары мен жануарлар әлемі туралы мәлімет беретін қызықты қысқа әңгімелер де енгізілді.

1913 жылы «Қалың мал» романын жазды. Романда сол кезеңдегі қазақ ауылындағы әлеуметтік жағдайлар шынайы баяндалған. Оның педагогикалық ой-пікірлері «Орындалған арман» атты мемуарлық романында, сондай-ақ, әр жылдардағы мерзімді басылымдарда жарияланған «Оқытушының беделді болуының маңызы», «Балаларды мәдениеттілікке тәрбиелеу», «Балаларды оқуға ынталандыру туралы» атты мақалаларында ғылыми тұрғыда баяндалды.

2 рет «Ленин» орденімен марапатталған.