TikTok депутаттардың Қазақстанда желіні бұғаттау туралы талабына жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚАНДАЙ КОНТЕНТ ӨШІРІЛЕДІ
TikTok қоғам қауіпсіздігіне аса мән беретінін атап өтті.
TikTok бірінші кезекте платформада жеккөрушілік идеологиясын насихаттауға, сондай-ақ зорлық-зомбылықты насихаттайтын адамдардың немесе ұйымдардың болуына жол бермейді. Біз мұндай мазмұндағы контенттерді өшіреміз, – деп хабарлады әлеуметтік желінің Қазақстандағы баспасөз қызметі.
МОДЕРАЦИЯ ТЕХНОЛОГИЯСЫ
Сондай-ақ TikTok 13 жастан асқандарға ғана пайдалануға рұқсат етілгенін алға тартты.
Кішкентай пайдаланушылардың қолданбаны пайдаланбауы үшін бізде толық туған күнін көрсету стандарттарына сәйкес тіркеу нысаны бар. Модераторларымыз үнемі бақылау үстінде. 13 жасқа толмаған пайдаланушыларға тиесілі есептік жазбаларды анықтауға мүмкіндік беретін автоматты модерация технологиялары бар. Егер модерация осы талапты бұзған парақшаны тапса бірден бұғаттайды, – деп атап өтті компания.
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ: Жаңа тренд: Квадробика қауіпті ме
2024 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында TikTok 13 жасқа толмаған пайдаланушыларға тиесілі Қазақстандағы 1,2 миллионнан астам аккаунтты жойған. Сонымен бірге, TikTok ата-аналардың балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі "өте маңызды" екенін еске салды.
"Отбасы параметрлері" арқылы ата-ана TikTok есептік жазбасын жасөспірімнің есептік жазбасымен байланыстыра алады. Сонымен қатар, экран уақытын шектеу, есептік жазбаның құпиялылығы, жеке хабарлама және т.б. сияқты бірқатар маңызды параметрлерді басқара алады. Қазақстандағы ата-аналарды балаларына онлайн кеңістікте барынша қауіпсіз болуы үшін TikTok-та "отбасылық параметрлерді" қоса алғанда, ата-аналық бақылау құралдарын пайдалануға шақырамыз, – деп түйіндеді TikTok баспасөз қызметі.
Еске салсақ, Сенат депутаты Геннадий Шиповских желі кей талаптарды орындамасы, Қазақстанда TikTok платформасын бұғаттауды ұсынған еді.
Сенатор Нұртөре Жүсіп те Tik-Tok адам психикасын терең меңгеріп, шабуыл жасайтынын айтқан.
Сондай-ақ бұған дейін TikTok-та белсенді депутат Ерлан Саиров та желіні шектеу керек деп мәлімдеген болатын.