Әлеуметтік желіде тараған видеодағы әйел ұлының ол жерде болмағанын айтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қамаудағы күдіктілердің бірінің анасы Лейла Қазакенова әлеуметтік желіде үндеу жариялады.
“Мен Шерзаттың отбасына қайғырып көңіл айтамын. БАҚ-та әуелі бұл төбелеске 13 адам қатысты деген ақпарат тарады. Кейін оның жетеуін ұстады деді. Құзырлы органдар күдіктілер санын толтыру үшін менің ұлым Арлан Қазакенов мен Юлдаш Розыбакиевті әділетсіз ұстап отыр. Оларға қылмысты жасырды, уақытында хабарламады деген айып тағып отыр. Шындығында олар оқиға орнында болған жоқ. Олар ол жерге бәрі болғаннан кейін ғана барған”,- деді Лейла Қазакенова.
Қазакенова ұлының ол жерге кездейсоқ тап болғанын айтады.
““Мерседес” көлігін іздеп жатыр екен. Ұлым өзінің досы Нұрқиясқа хабарласып не болғанын сұрайды. Тұтқаның ар жағында адам оған Рысқұлов ауылына кел деп айтады. Ауылға барғанда досының жалғыз еместігін, қасында тағы 5-6 еркек және 2 әйел бар екенін көреді. Олар мас болған. Көлігіне отырғызып алады. Әрі қарай үш көлік Талғарға қарай тартады. Бірақ қайта-қайта кейін оралуға мәжбүр болады. Себебі арттан ерген көліктер қалып қоя береді. Осылай бірнеше рет айналып жүргенде оларды полиция ұстайды. Тергейді. Ұлым не болғанының бәрін айтып береді. Оны босатып жібереді. Бірақ 13 қазан күні оны қайта шақырып жауып тастады” ,- деді Қазакенова.
Осы ретте ұсталғандардың арасында қыздардың жоқтығын түсінбейді.
“Егер полиция күдіктілердің санын толтырғысы келсе неге 2 қызды ұстамайды? Олар да сол жерде болды емес пе? Неге олар тек куәгер ретінде ғана шақырылады?”,- деді Лейла Қазакенова.
ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ
Алматы облысы ПД күдіктінің анасының өтінішіне түсініктеме берді. Ведомствода ұсталғандар жасалған қылмыс туралы білетінін мәлімдеді.
"13 қазанда үш күдікті қамауға алынды. Оларға ҚР ҚК-нің 434-бабы "Қылмыс туралы хабарламау" айыбы тағылды. Жүргізілген тергеу іс-шаралары күдікті К. - ның жасалған қылмыс туралы хабардар болғанын анықтады. Соттың санкциясымен ол екі ай мерзімге қамауға алынды”- деді ПД.
Еске сала кетейік, Алматы облысында жас жігіттердің төбелесі 16 жастағы жасөспірімнің өлімімен аяқталған. Марқұм дүкенде сауда жасап тұрған әкесімен ерегескен клиентпен төбелескен. Бұрын тараған ақпараттарға қарағанда, клиент дүкеннен сыра алып, ақшасын төлемей кетпек болған. Төбелес сол үшін туындаған. Сыраны тегін алып кетпек болған жігіт жақтастарын шақырып, әкесі мен баласын, туыс ағасын соққыға жыққан. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. 10-шы сыныпта оқитын Шерзат Болат ата-анасының дүкеніне кездейсоқ келген. Суық қарумен келген бұзақылар ешкімді аямапты.
Прокуратура Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты мәлімдеме жасап, «әділ тергеуге кепілдік береміз» деп ақпарат таратқан. Алайда тергеушілерге сенбеген марқұмның туған-туыстары көшеге шығып, әділдікті талап етті. Олар сол түні болған 13 адамның орнына 7 адамның ғана қамалғанына наразылық білдірді.
Қаза тапқан жасөспірімнің әкесі бейнебақылау камерасының жазбасын әлдекімдер өшіріп тастағанын айтқан еді. Алайда ІІМ ол мәліметті жоққа шығарды. 9 қазанда депутат Нартай Аралбайұлы бас прокурор Берік Асыловқа, ішкі істер министрі Ержан Сәденовке және оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа депутаттық сауал жолдап, 16 жасар азаматты өлтірген, жақындарын аяусыз сабаған қылмыскерлер қамауға алынып, оларға заңға сәйкес әділ жаза берілуі тиіс деп мәселе көтерді. Ал оның әріптесі Абзал Құспан қылмыстық кодекстің 201-бабын (сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу) өзгерту керек деп есептейді. Бұл қажеттілік оның сөзінше, Талғардағы жасөспірімнің өлімінен кейін айқын сезілген.
Ulysmedia.kz күдіктілердің бірі таяуда қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазасын өтеуі керек болғанын, екінші күдікті жауапкершіліктен жалтарып кеткенін анықтаған еді.
12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырады. Қайғы үстіне қайғыға душар болған Нұрымов әулетінің билікке қояр екі-ақ талабы бар.
Сондай-ақ, брифинг барысында Хасанның бұл қылмысқа қатысы бар-жоғы туралы айтылды. ІІМ елде “Хутор” атымен белгілі ҰҚТ жоқ екенін мәлімдеген.