×
488.11
530.09
5.01
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
488.11
530.09
5.01

Заитов министрге: таксистер дүрлігетін болса, жауапкершілікті өз мойныңызға аласыз ба?

23.10.2024, 16:02
Заитов министрге: таксистер дүрлігетін болса, жауапкершілікті өз мойныңызға аласыз ба?
Видеодан скриншот

Мәжіліс депутаты Ринат Заитов бірінші оқылымда талқыланып жатқан тасымал қызметін өзін-өзі реттеу ұйымына мүшелікке өту мәселелеріне арналған заң жобасын таныстырған көлік министрі Марат Қарабаевқа осындай сұрақ қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ДЕПУТАТ СҰРАҒЫ

Ринат Заитов кәсіпкерлердің құқығын қорғайтын екі палата барын айтып, такси қызметін ұсынатын шағын кәсіп иелерін неге сол палаталар басқара салмайтынын сұрады.

“Бәріне қожайын тауып беріп, таксистерді отарлаудың қажеті қанша? Олар өзі шулы қауым, ертең олар дүрлігетін болса, өзіңіз жауапкершілікті мойныңызға аласыз ба?” деді депутат. 

МИНИСТР НЕ ДЕЙДІ

“Жауапкершілікті аламын” деген министр алып агрегаторлардың қасында таксишілердің құқығын қорғайтын ешкім қалмағаннын айтты.

“Сондықтан өзін-өзі реттейтін ұйымға мүше болған соң олардың қабылдаған қағидасына сай, алдымен біздің қарапайым жүргізушілер өздерінің құқықтарын қорғай алады. Әрі соны талап ете алады. Заң жобасы түбінде қарапайым жүргізушілердің мүддесін қорғауға бағытталған” деді министр.

Министрлің сөзінше, жаңа заң такси қызметін ұсынатын агрегаторларды өзін-өзі реттейтін ұйымдарға міндетті мүшелікке қосуды көздейді.

“Егер ол өзін-өзі реттеу ұйымдарына мүше болмаса, қызметі заңсыз деп танылады. Ал заңсыз қызмет атқарған ұйымның жұмысына тыйым салатын нормалар жалпы заңнамада бар. Сондықтан осындай үлкен  интернет платформалар өз қызметін сақтап қалу үшін міндетті түрде өзін-өзі реттейтін ұйымға мүше болады. Яғни, олар бұған мүдделі болады” деген ол көлігімен такси қызметін ұсынатын ешқайда тіркелмеген жүргізушілерге өз-өзін реттеуші ұйымға ерікті түрде кіру ұсынылатынын жеткізді.

Заң жобасы бұл салада өзін-өзі реттеуді енгізу тасымалдаушыларға уақыт талаптарын ескере отырып, қажетті стандарттар мен ережелерді жылдам қабылдауға, тасымал қызметін бақылауды жетілдіруге, жол-көлік қызметінің қауіпсіздігі мен сапасын арттыруға, заңсыз тасымалдауды бақылауға мүмкіндік беретіні атап өтілді.

Бұған дейін келесі жылдан бастап елімізде рөлі оң жақта орналасқан көлік иелеріне электронды қызметтер арқылы жолаушылар тасымалдауға тыйым салынатынын хабарлағанбыз.

НЕ ӨЗГЕРЕДІ

2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Indriver, Яндекс телефон қосымшасында клиенттері бар рөлі оң жақта орналасқан көлік құралдары қосымшалардан шығарылады, – деген көлік министрлігі автомобиль көлігі және  көліктік бақылау комитетінің өкілі Тілеген Жәдігеров.