Дер кезінде қаланы жылумен қамти алмаған шенеунік орнын босатты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ӘКІМІ ЖҰМЫСТАН ҚУЫЛДЫ
Суық түскенде шаһарға жылу бере алмаған Еркін Баулықов бүгін жұмыссыз қалды.
“Қарағанды облысы әкімінің өкімімен Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов қалада жылу беру маусымын бастай алмағаны үшін атқаратын қызметінен босатылды”, – деп жазылған ресми хабарламада.
Саран қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Мақсат Қайрешов уақытша қала әкімінің міндетін атқарады.
ЖЫЛУСЫЗ ҚАЛА
Қалада 12 жылдан астам уақыт бойы салынып жатқан жаңа қазандық іске қосылған сәтте-ақ қаланың жартысы жылусыз қалған. Тұрғындар бірінен кейін бірі әлеуметтік желіде бейнеүндеу жариялап, күн суытса да жылусыз отырғандарын ашына айтқан.
“Үйіміз өте салқын. Сөз жүзінде жаңа жылу орталығын қостық дейді. Іс жүзінде ештеңе де істелген жоқ. Біз кезек-кезекпен ауырып жазыла алмай жатырмыз. Ешкім жұмыс істегісі келмейді. Бұл тек күз ғана. Сонда қыста не болады?” – дейді ашынған азаматтар.
Ал сол кездегі қала әкімі Еркін Баулықов та тұрғындардан қалыспай әлеуметтік желіде видео жариялады. Шенеунік қалаға жылу кезең-кезеңімен берілуі керек деп сендірген.