×
524.58
551.91
4.93
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
524.58
551.91
4.93

Әленовты танымайды, "ОПГ-ны" білмейді: Бозымбаев өзі басқарған Алматы облысы туралы

30.10.2024, 13:41
Әленовты танымайды, "ОПГ-ны" білмейді: Бозымбаев өзі басқарған Алматы облысы туралы
Коллаж Ulysmedia.kz

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев кезінде өзі басқарған Алматы облысындағы ұйымдасқан қылмыстық топтар туралы білмейтін болып шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙЫ

Бозымбаев Талғардағы оқиға туралы сұрақтың басын ести сала, бұл мәселе қызметіне кірмейтінін айтып қысқа қайырғысы келді. Тілшінің “сіз енді бұрын ол жақта әкім болдыңыз ғой” дегеніне “бір-бірімізді сыйласақ, ақырына дейін тыңдаңыз” деп, болып жатқан жайттардың бәрі бүгінгі қызметіне еш қатысы жоғын тағы қайталады.

“Иә мен әкім болдым, бірақ Талғардағы ҰҚТ, Хасан туралы естімедім. Өйткені мен салыстырмалы түрде көп істемедім” деді.

Журналист облыстың полиция департаментін басқарып, Талғардағы оқиға қарсаңында қызметі ішкі істер вице-министрі лауазымына өсіп кеткен Бауыржан Әленов туралы сұраған. Бозымбаев бұған да “білмейміннен” асып ештеңе айтпады.

“Мен ол адамды білмеймін. Менің өкілетіме бұл сұрақтардың қатысы жоқ. Пікір білдіре алмаймын. Оны да (Әленовты – ред) танымаймын” деді.

Қанат Бозымбаев Алматы облысын 2021-2022 жылдары 7 ай басқарған. Қаңтар оқиғасы кезінде облыстың сол кездегі орталығы Талдықорғанда көпшіліктің алдына шыққан ол наразы жұртқа абайсызда “Тыңда,еб” деген.

РЕЗОНАНСТЫҚ ІСТЕР

Соңғы уақытта Алматы облысы резонанстық қылмыстық істер бойынша жиі аталып жүр.

Бүгін ғана облыстық прокуратура ғимаратында қамалған қыздың анасы облыс пркурорымен кездесуді талап етіп, өзін өртеуге әрекеттенген.

Жуырда ғана Алматының іргесіндегі Талғардағы уақытша ұстау изоляторынан зорлау күдігі бойынша ұсталған азамат қашып кеткені көптің назарын аударған. Полиция ол қолға түссе, өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін айтқан. Күдікті тек арада бірнеше күн өткеннен кейін ұсталған.

ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты.

12 қазанға қараған түні әлдекімдер марқұмның отбасының үйін өртеп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырады. Қайғы үстіне қайғыға душар болған Нұрымов әулетінің билікке қояр екі-ақ талабы бар.