×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Итбалықтардың қырылуына Қашағандағы жоба себеп болды ма – Нысанбаев не дейді

01.11.2024, 14:56
Итбалықтардың қырылуына Қашағандағы жоба себеп болды ма – Нысанбаев не дейді
Ulysmedia коллажы

Сұрақты журналистер мәжіліс кулуарында экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевқа қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

НЫСАНБАЕВ НЕ ДЕЙДІ

– 298-дей бас итбалықтың өлігі табылды. Қазір денесінен керекті материалдың бәрін алып, зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Біз өз жағымыздан сол итбалықтардың табылған жерінен жағалаудағы су сынамасын алдық. Жақын арада нәтижесі шығады. Сосын білеміз, себебі неде екенін. Әзірге бәрі лабораториялық зерттеуде», – деді министр журналистерге.

Нысанбаевтан «Каспидегі итбалықтардың қырылуына Қашаған кен орнындағы жобаның басталғаны себеп болуы мүмкін бе?» деп сұралған. Министрдің сөзінше, әзірге ондай нұсқа қаралып жатқан жоқ.

– Олай тіке айтуға болмайды. Бәрін анализ көрсетеді. Судың анализі бар, бұл жолы денесіне, асқазанына, тырнақтарына дейін бәрін алып кетті. Дұрыстап қараймыз. Мен қазір ондай версияны айта алмаймын. Версия көп қой. Нақты анализ шыққаннан кейін ғана айта аламыз», – дейді Ерлан Нысанбаев.

Бұған дейін итбалықтардың қырылуына не себеп болғаны турасында алдын ала қорытынды жоқ деген еді. “Зерттегеннен кейін белгілі болады” дейді ол.

ИТБАЛЫҚТАРДЫҢ ҚЫРЫЛУЫ

Маңғыстау жағалауында өлі табылған итбалықтардың саны қарқынды өсіп, бұған дейін 300-ге жетіп қалғаны хабарланған еді. Гидробиология және экология институтының ғылыми қызметкері, ихтиолог Әсел Баймұқанованың айтуынша, әсіресе Солтүстік Каспийге келгеннен кейін итбалықтардың өлексесі көбейген. Балық шаруашылығы инспекциясының мәліметі бойынша, 24-29 қазан аралығында Каспий теңізі жағалауынан 289 өлі итбалық табылған. Мекеме бұл оқиғаның себептері әлі белгісіз екенін айтып, жағалау аймағын бақылауды жалғастыруда.

Алдын ала нұсқа бойынша, итбалықтардың өлімі теңіздің ластануынан және олардың иммунитетінің төмендеуінен болуы мүмкін екенін жазған едік. Оның алдында Экология және табиғи ресурстар министрлігі Маңғыстаудағы итбалықтардың жаппай қырылу себептерін әлі атай алмаған еді.