×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Каспий жағалауынан тағы 121 итбалықтың өлексесі табылған

07.11.2024, 10:12
Каспий жағалауынан тағы 121 итбалықтың өлексесі табылған
Коллаж

Гидробиология және экология институтының ғылыми қызметкері, ихтиолог Әсел Баймұқанова 4-5 қараша аралығында арнайы комиссия Каспий жағалауынан тағы 121 итбалықтың өлі денесін анықтағанын мәлім етіп, жағдайдың алдын ала нәтижеледін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙЫ

Оның сөзінше, 27 қыркүйек пен 30 қазан аралығында Түпқараған түбегінің жағалауынан табылған 305 итбалықтың тек 10-ында (3%) ғана механикалық зақымдар анықталған. Оның ішінде кесілген, басы шабылған, тор мен арқанға оралып қалғаннан алған жарақаттар бар. Маман бұл жарақаттардың кейбірі кездейсоқ болуы мүмкін, ал қалғаны заңсыз аулаудың салдары деп санайды. Алайда өлі итбалықтардың басым бөлігінде мұндай іздер анықталмаған.

Зерттеушілер қырылу себебін анықтау үшін үлгілерді алған, алайда, көпшілігінің қатты ыдырауы талдауды қиындатқан.

“Қауіп тудыратыны – зерттелген аналықтардың жартысынан көбі буаз болған, ал барлық итбалықтардың денелері семіз әрі сау күйде. Бұл олардың өлер алдында жас және өмірге қабілетті болғанын көрсетеді. Өлім, көрініп тұрғандай, табиғи емес әрі кенеттен болған” дейді маман.

Күзде итбалықтардың солтүстік Каспийге көбейуге миграция жасайтыны белгілі. Өлім осы аймақтағы концентрация кезеңіне тұспа-тұс келді.

ҮШ ТҮРЛІ НҰСҚА

Әсел Баймұқанова өлімнің себебі әртүрлі болуы мүмкін деп отыр:

  • Табиғи: жер сілкінісі, табиғи газдардың шығуы.
  • Техногендік: теңіз аумақтарының ластануы.
  • Аурулар: індеттер.

Оның айтуынша, кей сұрақтар әлі де жауапсыз:

  • Егер себебі індет болса, неге итбалықтардың өлімі жаппай емес?
  • Неге өлі денелер тек белгілі бір орындарда табылған?

“Жағдайды жан-жақты зерттеу үшін геологтар, мұнай мен газ өндіру мамандары, экологтар, химиктер, токсикологтар, вирусологтар және басқа да түрлі сала мамандарының сараптамасы қажет. Біз бірлесіп жұмыс істеу үшін барлық жинақталған мәліметтерді ұсынуға дайынбыз” дейді ол.

Бұған дейін экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевқа «Каспидегі итбалықтардың қырылуына Қашаған кен орнындағы жобаның басталғаны себеп болуы мүмкін бе?» деген сұрақ қойылған. Ол әзірге ондай нұсқа қаралып жатқан жоқ екенін айтты.

Ал ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров қазір итбалықтардың қырылуына не себеп болғаны турасында алдын ала қорытынды жоқ екенін айтқан.