Шымкентте колледж студенттерін қатігездікпен ұрып-соғу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жәбірленушілердің айтуынша, бұл оқиғаға оқу орнының меңгерушісі де қатысқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қылмыстық іс жәбірленушілердің ата-аналарының өтініші негізінде қозғалған. Тергеу барысы полиция департаменті мен балалардың құқықтарын қорғау комитеті басшылығының ерекше бақылауында.
Жәбірленуші студенттердің жағдайы тұрақты деп бағаланып, олармен психологтар жұмыс істеп жатыр.
Әлеуметтік желіде оқиға «Парасат» колледжінде болғаны хабарлануда. Жоғары курс студенттері мен меңгеруші колледждің жертөлесінде жасөспірімдерді үш сағат бойы мәжбүрлеп ұстап, оларға зорлық-зомбылық көрсеткені айтылуда. Сондай-ақ дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері де бұл оқиғаға қатысы бар деген күдік бар.
Бұған дейін Алматыда жаппай төбелес болып, полиция бұзақыларды қолға түсірген.
Сондайақ жуырда Батыс Қазақстан облысында бұрынғы құқық қорғау органы қызметкері ер адамды өлімші етіп сабап тастағаны туралы ақпарат тараған.