Мәжіліс депутаты, тарих ғылымының докторы, профессор Еркін Әбіл Qalam YouTube-арнасына берген сұхбатында биыл 800 жыл толып отырған Жошы ұлысының тарихы туралы әңгімеледі. Тарихшы сондай-ақ Қазақ хандығын осы Жошы ұлысының тарихи кезеңдерінің бірі деп есептеуге болатынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«КЕҢЕС ЗАМАНЫНДА АЙТА АЛМАДЫҚ»
Тарихшының пікірінше, Жошы ұлысының қазақ тарихында орны ерекше.
«Жошы ұлысының қазақ тарихындағы орны ерекше. Мұны біз кеңес заманында айта алмай жүрдік. Бүгінгі таңда сол кезеңге нақты әрі шынайы баға беруге мүмкіндік пайда болып отыр. Жошы ұлысының құрамында қазақтар ұлт ретінде қалыптасып, өз алдында алып мемлекетке айналды.
Қазақ хандығы 15 ғасырда негізі қаланды. Қазақ хандығын Жошы ұлысының тарихи кезеңдерінің бірі деп есептеуге болады. Демек Жошы ұлысының тарихы 13 ғасырда басталып, 19 ғасырда қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлымен аяқталады деген сөз», – деді тарих ғылымының докторы.
«ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ХV ҒАСЫРДА ҚҰРЫЛДЫ»
Еркін Әбілдің айтуынша, Жошы ұрпақтары «Дешті-Қыпшақ» даласын биледі.
ТАҒЫ ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Қазақстанда Жошы хан туралы фильм түсіріліп, оған ескерткіш қойылады
«Біз басқа тарихи даталарды жоққа шығармаймыз. Иә, Қазақ хандығы 15 ғасырда құрылды, алайда әулет ауысқан жоқ және жаңа мемлекет құрылмады тек қазақтар жеке ұлт таныла бастады. Тағы айтайын, Қазақ хандығы - Жошы ұлысы тарихының бір кезеңі ғана. Жалпы Жошы ұрпақтары 6 ғасыр бойы «Дешті-Қыпшақ» даласын биледі, оның ішінде Қазақ хандары бар», – деді ол.
«ҚЫРҒЫЗДАРДЫҢ «АЛТЫН ОРДАМЕН» БАЙЛАНЫСЫ БАР»
Профессордың сөзіне қарағанда, қазіргі қырғыздардың «Алтын орда» тарихымен байланысы бар.
«Сонымен бірге біз 2019 жылы атап өткен Алтын Орданың 750 жылдығы да маңызды дата десек болады. Талас құрылтайында Алтын Орда Моңғол империясының шырмауынан шығып, тәуелсіз мемлекетке айналды. Жошы ұрпағы 1224 жылы билікке келді.
Қазіргі қырғыздардың да «Алтын орда» тарихымен байланысы бар. Мәселен, «Манасты» қарасаңыз, Манастың шығу тегі Ноғай, Қыпшақ, Қырыққыпшақ және «Манастың» ескі нұсқаларын көрсек, кейіпкерлері ішінде Тоқтамыс, «Алтын орданың» билеушілері. Бірақ бұлар Алатау қырғыздары емес, Алтай қырғыздары деп есептеймін. Қазіргі Ертіс, қара Ертіс, сол маңда тұрған. Сол жерге дейін «Алтын орданың» билігі жетті деп айтуға болады. Немесе қазіргі солтүстік Жетісу», – деді Еркін Әбіл.
Еске сала кетейік, бұған дейін Netflix «Алтын Орда» тарихи фильмін түсіруге кірісетінін жазған едік. Сондай-ақ Француз тарихшысы, доктор Мари Фавэро Жошы ұлысының халықаралық дипломатияға ықпалы туралы пікір білдірген болатын.