«Отбасы банк» басшысы Ләззат Ибрагимова доллардың қымбаттауы баспана нарығына қалай әсер ететіні жөнінде сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ИБРАГИМОВА НЕ ДЕЙДІ
Бұл сұрақ Ләззат Ибрагимоваға Үкіметтегі баспасөз мәслихаты кезінде қойылды.
– Қазақстанда бүкіл ипотекалық портфель 100 пайыз 15 жылдан бері тек теңгемен беріледі. Сол себепті қарыз алушыларды мұндай құбылу алаңдатпайды. Екіншіден айтарым, валюталық құбылыс кезінде керісінше, баспанаға сұраныс қатты ұлғайып кетеді. Келісімшарттардың санын санап, желтоқсанның қорытындысын көрейік, – дейді банк басшысы.
ДОЛЛАРДЫҢ ҚЫМБАТТАУЫ
Биыл 28 қарашадағы Қазақстанның айырбастау пункттерінде доллар 525 теңгеге сатыла бастады. 18 қарашада Қазақстанның айырбастаушыларындағы доллар бағасы 500 теңгеден, ал 26 қарашада 503 теңгеден асқан еді.
Ұлттық банк осыған байланысты интервенция жүргізді. Артынша базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 15,25% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады.