×
524.75
540.6
5.12
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
524.75
540.6
5.12

Экс-президенттердің жеке өмірі жайлы мәліметтер құпия болады: заңға қол қойылды

Экс-президенттердің жеке өмірі жайлы мәліметтер құпия болады: заңға қол қойылды
ашық дереккөзден

Тоқаев экс-президенттердің жеке өмірі жайлы мәліметтерге қатысты заңға қол қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі, ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және архив ісі салаларында артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. 

МӘН-ЖАЙ

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік құпиялар туралы» заңына барлау, қарсы барлау, жедел-іздестіру және өзге де қызмет салаларындағы мемлекеттік құпияларға жатқызылған мәліметтерге қосымша өзгеріс енгізілді. Бұған Қазақстан Республикасы президентінің және оның отбасы мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты ұйымдастыру, күштер, құралдар мен әдістер туралы, сондай-ақ президенттің денсаулық жағдайы мен жеке өміріне қатысты мәліметтер жатады. Енді осы заңға сәйкес, экс-президенттер мен олардың отбасы мүшелеріне қатысты осындай мәліметтер де мемлекеттік құпия ретінде танылатын болды. Бұл түзетуді Сенат депутаттары мақұлдап, кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі, ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және архив ісі салаларындағы артық заңнамалық реттеуді алып тастау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.

Бұл дегеніміз, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасы мүшелерінің денсаулық жағдайы мен жеке өмірі енді мемлекеттік құпияға жатады.

БІРІНШІ БЛОК

Түзетулердің бірінші блогы мемлекеттен бастапқы білім беру капиталы, жыл сайын төленетін мемлекеттік сыйлықақы және инвестициялық табыс қарастырылған, сондай-ақ бес жастан асқан балаларды қамтитын «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу мақсатында әзірленген.

Біржолғы бастапқы білім беру капиталы 2025 жылы және одан кейінгі жылдары 5 жасқа толатын балаларға төленеді. Оның мөлшері Ғылым және жоғары білім министрлігі бекітетін бастапқы білім беру капиталын есептеу, пайдалану және қайтару қағидаларына сай есептеледі. 

«Келешек» жүйесі жыл сайын 5% мемлекеттік сыйлықақы, ал халықтың әлеуметтік осал топтарының балалары үшін 7% мемлекеттік сыйлықақы көзделген қолданыстағы Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесімен бірге балаңыздың болашағы үшін қаражат жинауға мүмкіндік береді. Яғни қаржыны техникалық және кәсіптік білім алуға, орта мектеп бітіргеннен кейін жоғары білім алуға және жоғары оқу орнынан кейін білімін жетілдіруге, сондай-ақ тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсауға болады. 

ЕКІНШІ БЛОК

Түзетулердің екінші блогы креативті индустрияны қолдау, соның ішінде әр облыс орталығында және ірі қалаларда креативті индустрия орталықтарын қалыптастыру, қатысушыларға өз өнімдерін коммерцияландыру тұрғысынан көмектесу шараларын қамтиды.

Бұдан бөлек, креативті индустрияны дамытуға ықпал ететін арнайы заңды тұлға («Креативті индустрияларды қолдау қоры») қызмет көрсетеді. Қор таланттарды іздеп, оларды насихаттаумен, креативті жобалар мен қызметтерді коммерцияландыру ісіне көмектесумен, сондай-ақ оларды әлем нарықтарында ілгерілетумен айналысады. 

Сонымен қатар Уәкілетті органға (Мәдениет және ақпарат министрлігі) креативті индустрияға мемлекеттік қолдау көрсету, ынталандыру қағидаларын әзірлеу және бекіту құзыреті беріледі. Ал облыстың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың жергілікті атқарушы органдары креативті индустрия саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады.