Ulysmedia.kz тілшісі бұл сұрақты үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғаринге қойды.
Үкіметтің кеңейтілген отырысы өткеннен кейін Ulysmedia.kz тілшісі Серік Жұманғаринге сұрақ қойды.
Тарифтер қымбаттайтынын, бензин, жанар-жағармай бағасы өсетінін, қосымша құн салығы өссе, азық-түлікке де баға қосылатынын айтып жатырсыздар. Сіздер әлеуметтік дүмпу, наразылық деп қауіптенбейсіздер ме? Тәуекелдерді қаншалықты ескеріп отырсыздар? – деп сұрақ қойылды Жұманғаринге.
“ҰЛТТЫҚ ҚОРДАН ҚАРАЖАТ СҰРАМАЙМЫЗ”
Жұманғарин сөзін “сізге нақты жауап берейін” деп бастады.
Қазір мысалы “светтің” бағасы қымбаттады. Газдың бағасы қымбаттайын деп жатыр. Жылу, бүкіл коммуналдық тарифтер қымбаттады. Ол әрине, ертең әсер етеді. Оны жабу керек қой!? Қалай жабамыз? Әлеуметтік көмекті көтеру керек. Ертең бюджет қызметкерлеріне айлықты көтеру керек. Қаражат қайдан аламыз? Жоқ. Бюджеттің дефицитін жабу үшін бір жерден қарыз алу керек немесе ұлттық қордан алу керек. Ұлттық қордан біз талай алдық. Алдымызда тапсырма бар. 2029 жылға дейін ұлттық қордағы қаражатты 100 млрд АҚШ долларына жеткізу керек.
Сол себепті біз бүгін жариялаған реформа осы сұраққа – жауап. Ертең бүкіл кірістер мен шығындарды қамтамасыз ету үшін, барлық қалпына келтіру үшін қазір осындай реформа қажет. Реформа болса қалғанының бәрін біз жабамыз. Әлеуметтік осал топтарға көмектесеміз. Айлықтарды көтереміз. Бизнеске дамуға арналған қаражатты береміз. Дұрыстап көмектесеміз. Ұлттық қордан қосымша қаражат сұрамаймыз. Оның бәрін жасау үшін осындай реформа қажет, – дейді ол.
НЕ ҚЫМБАТТАЙДЫ
Бұған дейін энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев ақпан айынан бастап бензин, дизель, сұйытылған газ бағасы өсетінін мәлімдеген еді. Ал үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тарифтер нарық талаптарына сай болу керектігін айтқан. Серік Жұманғарин шамамен 15-20 ақпанда Қазақстанда қосымша құн салығы қаншаға көтерілетіні белгілі болатынын айтты. Оның сөзінше, күнделікті тұтынып жүрген тауарлар шамамен тек 5-6 пайыздан артық көтерілмейді.