Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған тағы бірнеше қару табылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ІІМ
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қаңтар оқиғасы кезінде 2960 табельдік және азаматтық қару ұрланған болатын. Бұл ретте соңғы үш жылда жедел іс-шаралардың, тінту және рейдтердің нәтижесінде 8 мыңға жуық атыс және травматикалық қару, 831 граната және түрлі калибрлі 112 мыңнан астам оқ-дәрілер табылып, тәркіленген.
Сондай-ақ қару жасырылған 722 орын табылды. Бүгінгі таңда қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 1226 қарудың шығу тегі нақты айқындалды.
Қалған тәркіленген 6765 қарудың қылмыскерлер тіркеу нөмірлерін қасақана жойып, өшіріп тастағанына байланысты қазіргі уақытта олар бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды
ШЫМКЕНТ
Биыл қаңтар айында Шымкент қаласының шетінде зират маңынан қару жасырылған орын табылып, 4 тегіс ұңғылы мылтық пен түрлі оқ-дәрілер тәркіленді. Олардың ішінде Алматы қаласындағы қару-жарақ дүкенінен қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қарулар да бар.
ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ
Қостанай облысында бұрын сотталған жергілікті тұрғынның жертөлесінен 3 Калашников автоматы табылып, тәркіленді. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған.
ҰҚК
Күні кеше ҰҚК қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қарулар табылғанын хабарлаған болатын. Тексеріс кезінде 8 «Калашников» автоматы, 25 тапанша, 23 мылтық, 17 граната, әртүрлі калибрдегі 1521 оқ-дәрі табылды және тәркіленді. Көрсетілген қару-жарақтардың 4 бірлігі «қаңтар оқиғалары» кезінде ұрланғаны анықталды.