Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев министрлік Кенесары ханның соғыс тәсілін зерттеп жатқанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жазықбаев әскери сарапшылардың “Кенесары хан қазақ армиясының символы болуы керек” деген пікірлеріне қатысты ойын айтты.
- Кенесары ханның өмірімен таныспын және бүгінде ханның соғыс тәсілдерін зерделеп жатырмыз. Бірақ әр сарапшының өз ойы бар. Кенесары хан қазақ армиясының символы не боларын, не болмасын уақыт көрсетеді. Одан бөлек, Сағадат Нұрмахамбетов, Бауыржан Момышұлының ерте тарихын, кейінгі тарихтарын да зерттеп жүрміз, дейді Шайх-Хасан Жазықбаев мәжіліс кулуарында.
Сонымен қатар, вице-министр Қазақстандағы әскери жоғарғы оқу орындарындағы орысша оқулықтарға қатысты ойын айтты.
“Қазақстандағы әскери жоғарғы оқу орындарындағы курсанттар бірінші курсқа келгеннен бастап орысша оқуға мәжбүр. Әскери оқулықтардың бәрі орысша оқылады. Ауыл балалары оны қаншалық игеріп жатқанын кім біледі. Қазақ армиясын қазақша оқыту қашан басталады?”, деп сұрады Ұлысмедиа тілшісі.
- Қазақ армиясын қазақша оқыту басталып кеткен. Бүгінгі таңда барлық оқу орындарында 70 пайыз қазақ тілінде білім беріледі. Ал оқулықтарға келетін болсақ, әрбір техниканың пайдалану нұсқаулары бар. Ол әлі күнге дейін құндылығын жоғалтқан жоқ. Сондықтан ондай оқулықтар бар, дейді Жазықбаев.
ӘСКЕРИ САРАПШЫ
Айта кетейік, бұған дейін әскери қауіпсіздік жөніндегі сарапшы Эмин Джаббаров Кенесары хан - қазақ армиясының символына айналуы керегін айтқан болатын.
Әскери маман қазақ хандығының соңғы ханы Кенесарының барлау қызметі қалай жұмыс істегенін айтты.
- Кенесары ханның барлаушылары болған жоқ дегенге әскери маман ретінде сенбеймін. Ол қандай да бір ақпаратты жеткізу керек кезде нені қолданды? Қандай киіз үйде кездесті? Қандай да бір символы немесе бір ерекшелігі болды ма? Қандай құпиясөздерді қолданатын? Оның қоластындағы бөлімшелер қалай аталды? Қалай олармен хат алмасып отырды? Өзімізге керек символиканы неге сол кезден алмаймыз? Біздің тарих неге кеңес одағынан басталады? Соның бәрін көтеру керек”, дейді әскери сарапшы Dope Soz-ге берген сұхбатында.
Ол Кенесары ханның тұсындағы мемлекеттік жұмыс туралы насихат жүргізілуі керегін айтты.